09 жел, 2022 сағат 10:36

"Сүйіншісі бар". Қызылорда тұрғыны базарда 1 700 000 теңгесін жоғалтып алған

©instagram/kritikakyzylordy

Қызылорда тұрғыны базарда 1 700 000 теңге жоғалтып алып, әлеуметтік желіде тауып алғандар болса қайтаруды сұрап жазба қалдырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Instagram әлеуметтік желісіндегі kritikakyzylordy-парақшасында қызылордалық ерекше хабарландыру жарияланды.

"Бүгін, 8 желтоқсанда сағат 9-дан өте "Мирас" сауда үйі мен "Асдекор" дүкенінің арасына 1 700 000 теңге көлемінде ақша түсіп қалған. Тапқан адамға сүйіншісі бар. Алған адам қайтарып беруіңізді сұраймын. Болмаса құзырлы органдарға жүгінеміз", - деп жазды пост авторы.

Пікір қалдырған қолданушылардың көбі кез келген адам мұндай үлкен соманы қайтарып береді дегенге күмәнданады.

"Тапқан адам қуанғанынан жылап жатқан шығар. Қолында сонша ақша барда, сүйінші оған не керек! Мұндай соманы қалай түсіріп алып жүр? Өзіміз қалатамызда 20 мың теңге болса түсіріп аламыз ба деп дірілдеп кетеміз. Желіге хабарландыру емес, полицияға арыз жазу керек", - деді қолданушы.

Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі оларға мұндай өтінішпен ешкім хабарласпағанын хабарлады.

"Іс тіркелген жоқ", - деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері.