Алматы қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жеке тұлғалардан заңсыз жұмыс істеп жатқан жеке балабақшаларға қатысты 22 шағым түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыдағы 25 555 баланы мектепке дейінгі мекемемен қамтамасыз етіп отырған 509 жекеменшік балабақша Алматы қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қадағалауында. Оның 366-сы (18816 бала) «Балапан» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді.
«Балабақшаларда жиі орын алатын заң бұзушылықтарға тоқталар болсақ: топтардың және аумақтардың талапқа сай болмауы, балалардың тамақтану нормаларының бұзылуы. Көп жағдайда әзірленген тамақтар бекітілген мәзірге сәйкес келмей жатады. Мысалы, мәзірде ет қосылған қырыққабат орамдары болса, іс жүзінде күріш ботқасын береді. Сүттің орнына шәй ұсынады. Сонымен қатар азық-түлік сапасын растайтын құжаттары болмай жатады»,–деді департамент басшысы Айзат Молдағасымова
Мамандар түскен шағымдар бойынша, мектепке дейінгі 9 мекемені тексерді. Нәтижесінде, 7 балабақшада заң бұзушылықтар анықталды. Олардың барлығына заң талаптары туралы жазбаша түсініктеме берілді. Анықталған фактілер бойынша 752 700 теңге сомасына 7 айыппұл салынып, оларды жою туралы нұсқамалар таратылды. Сондай–ақ балабақшада жеке медициналық кітапшасыз жұмыс істеп жатқан 3 қызметкер жұмыстан шеттетілді. Бір материал сотқа жіберілді.
«Ата-ана баласы барып жүрген балабақшаның тамағына, ойын аландарына, төсек-орын жабдықтарына назар аудару қажет. Егер талапқа сай болмай жатса, олар Алматыдағы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жүгіне алады», - деп қорытындылады Айзат Молдағасымова.