24 қар, 2018 сағат 00:37

Түркістан орталық емханасында «Ашық есік» күні ұйымдастырылды

Қант диабеті ауруына қарсы күрес күнін бүгінде әлемнің 160 мемлекеті атап өтеді. Дүние жүзінің жұртшылығы бұл күнді жыл сайын 14 қарашада атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Қант диабеті – кең тараған қауіпті ауру. Өкінішке қарай, жазылмас дертке шалдыққандар саны жыл өткен сайын көбеюде. Бүгінде денсаулықты сақтаудың, кез келген кеселдің алдын алудың ең тиімді жолы скрининг екенін көп жылғы тәжірибе дәлелдеп отыр. Осы арқылы кең тараған ауру түрлерін ертерек анықтап, ұтымды емдеу ісі жүргізілуде. Денсаулық» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан тегін скрининг жұмыстары барысында науқастар анықталуда. Айта кетерлігі, 40 пен 70 жас шамасындағы тұрғындар өздері тіркелген емханаларда скринингтен ақысыз өте алады.

Сусамыр – өте күрделі және қатерлі ауру. Дәрігерлер 40 жастан асқан, дене салмағы ауыр және гипертонияға шалдыққан жандарға қант диабетіне ұдайы тексеріліп отыру керегін ескертеді. Дерттің бұл түрі тұқым қуалайды. Бұл ауруға қандағы қант деңгейінің көтерілуі себеп болады. Оның соңы асқазан асты безі шығаратын гормон-инсулиннің тапшылығын туындатады. Соның салдары ағзадағы зат алмасудың бұзылуына әкеледі. Қант диабетінің ІІ типі таблеткамен емделсе, І типі тек инсулинге тәуелді етеді.

Түркістан облысында соңғы 10 айдың ішінде 2,5 мың адамнан қант диабеті анықталған. Ал, Түркістан облысы бойынша барлығы 23 мыңға жуық адам қант диабеті дертіне шалдыққан. Сусамырмен ауыратындардың 93%-ы 40-80 жас шамасындағы азаматтар екен.

Осыған орай, облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Түркістан қалалық орталық емханасында «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Сусамыр дертімен күрес аясында науқастар тәжірибелі эндокринолог мамандардан кеңес алды. Көптеген тұрғындар қандағы қант деңгейін анықтау үшін талдама жасатты.

Серікқали Жексенбаев,

"Оңтүстік Қазақстан" газеті