Алдағы 5 жылда жұмысшылардың дағдылары 40 пайызға өзгереді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі еңбек нарығындағы тенденцияларды ескерсек, сарапшылар жақын 5 жылдықта жұмысшылардың дағдылары, талаптардың 40 пайызға жуығы өзгереді деп болжауда. Еңбек ресурстарының кәсіптік дағдыларын дамыту және кәсіптік бағдарлау бағытында бірқатар іс-шараны қолға аламыз.
Біріншіден - бизнеспен бірлесіп, кәсіпорындар жанындағы оқу орталықтары негізінде жаппай қайта даярлау, біліктілікті арттыру «фабрикаларын» құру. Оқуды ұйымдастыруда жастарға, сұранысы жоғары мамандықтарға ерекше мән берілетін болады.
Екіншіден, сұранысқа ие дағдыларды тану жүйесі енгізіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша министрлік «Ұлттық біліктілік жүйесі туралы» заң жобасын әзірлеуде. Оның аясында тәуелсіз біліктілікті тану орталықтарын құруға тиімді жағдай жасау, жыл сайын сертификациялаудан өту үшін жұмыс іздеушілерге кемінде 1 000 ваучер ұсыну қарастырылады», - деді министр.
Оның атап өтуінше, үшіншіден, Skills.enbek.kz платформасында онлайн оқу арқылы жаңа білім мен дағдыларды игеруге жағдай жасалады.
«Төртіншіден, оқушылар мен жастар арасында кәсіптік бағдарлауды ұйымдастыру үшін мансаптық ілгерілеу бойынша кемінде 100 нұсқаулық әзірленіп, жоғары сынып оқушылары қамтылады. Сонымен қатар, сұранысқа ие мамандықтар мен болашағы зор дағдылардың тізімі жыл сайын жаңаланатын болады. Аталған шаралар жұмыс берушілердің сұранысына қарай кадрлар дайындауға, жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандақтар мен дағдылар туралы ақпараттандыруға, оларға мамандық таңдауда қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», - деді Серік Шәпкенов.