Халықаралық нарықта мұнай баррелінің бағасы сәуір айынан бері алғаш рет 100 доллардан төмен түсті. Сарапшылар мұнай бағасының құлдилау себебін рецессия және жанар-жағармайға сұраныстың төмендейтіні жайлы болжамдармен түсіндіреді, деп хабарлайды Азаттық.
Brent маркалі мұнайдың баррелі сәрсенбі күні бірден 3 пайызға арзандап, 99 долларға түсті. АҚШ-та өндірілетін мұнай 98 доллар 53 цент болды. Бір ай бұрын мұнай баррелі 120 доллар болған.
Сарапшылар сөзіне сүйенген New York Times басылымы АҚШ экономикасы бәсеңдейді деген болжам расталса, мұнай әрі қарай да арзандай береді деп жазады. Олар мұнай бағасы рецессия ауқымы мен Қытайдағы энергия тасымалдаушылар сұранысына байланысты анықталатынын айтады.
Bloomberg агенттігінің жазуынша, АҚШ одақтастарымен бірге Ресейден импортталатын мұнай бағасын 40 пен 60 доллар аралығында шектеу шарасын енгізу мәселесін талқылап жатыр. Ондағы мақсат – халықаралық тұтынушылардың Ресей мұнайына қолжетімділігін сақтау, бір мезетте Мәскеудің экспорттық түсімін шектеу. Бірқатар батыс елдері Ресей мұнайынан бас тартқаннан кейін Мәскеу шикізатты ірі жеңілдікпен сатып алатын Үндістан мен Қытайға мұнай экспортын күрт арттырған. АҚШ жаңа ұсыныс Пекин мен Делиге тиімді болады және олар жаңа импорт ережесінен бас тартпайтын шығар деп үміттенеді.
Жаңа ережелердің қашан қабылданатыны белгісіз. Bloomberg жазуынша, алда әлі кедергілер көп.