Шекарашылар Қазақстаннан Катарға заңсыз әкетіліп бара жатқан сұңқарлар мен ителгілерді анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құзырлы ведомствоның хабарлауынша, Қызыл кітапқа енген жыртқыш құстар сәйкестендірме сақинасының толықтығының бұзылуымен Катар еліне тасымалданып бара жатқан.
«Алматы» халықаралық әуежайының өткізу пунктінің шекаралық наряды «Алматы - Доха» рейсіне тиеліп жатқан жүктерді тексеру кезінде үш ағаш қораптан 14 сұңқар мен ителгіні байқады. Олардың сәйкестендірме сақинасының толықтығының бұзылғаны анықталған», - делінген хабарламада.
Тиісті ақпараттарға қарағанда, аулауға болатын жыртқыш құстарды тіркеу мен есепке алу ережесі бойынша оларда шешілмейтін сақина немесе микрочип болуы керек.
«Заңсыз тасымалдың тіркелгені туралы құқық қорғау мен ҚР АШМ бақылау және ветеринарлық қадағалау аумақтық инспекциясына хабар берілді», - деді баспасөз қызметі.