Сүндет тойда жылқыға қатыгездік көрсеткен Шымкент тұрғыны жауапқа тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Қалалық полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желіде мониторинг жүргізу барысында бірнеше ер адам орамалмен көзі байланған атты баспалдақтан төмен түсірмек болған бейнежазбаны анықтаған.
"Тексеру нәтижесінде бұл жайт 8 қазанда Абай ауданындағы мейрамханалардың бірінде өткен "сүндет той" кезінде болғаны анықталды.
Тәртіп сақшылары жылқының иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 407-1 бабы "Жануарларға қатыгездік көрсету" бойынша әкімшілік хаттама толтырды" - делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары жануарларды ұстау кезінде ұрып-соғуға, жануарды азаптауға, оның ішінде аштыққа, шөлдеуге және жануардың өліміне, жарақаттануына немесе денсаулығына өзге де зиян келтіруге әкеп соқтырған немесе соқтыруы мүмкін басқа да зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін ескертеді.