Фото: Тұрар Қазанғапов
Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың іссапарлары көп жағдайда эконом-класспен жүргізіледі. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бизнес-класс тек шұғыл жағдайда, эконом-класс билеттері болмаған кезде ғана жасалған. ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы «Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге іссапарларға арналған шығындарды өтеу қағидаларын бекіту туралы» №256 қаулысына сәйкес, Премьер-Министрдің орынбасарларына бизнес-класс тарифі бойынша әуе көлігімен ұшуға рұқсат беріледі», - деп түсіндірді Сауда және интергация министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен бірге, ведомство биылғы ақпан айында Алматы қаласы мен Алматы облысындағы жұмыс сапарына жеке тоқталды.
«Осы нақты жағдайда мәселелерді сол жерде шешу үшін бірқатар мүдделі мемлекеттік орган өкілдерінен тұратын делегацияның ұшып шығуы қажет болғанын атап өткен жөн. Осыған байланысты арнайы борт («Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясы» литерлік рейсі) пайдаланылды. Ақпан айындағы Алматыға жұмыс сапары Қырғыз Республикасы Үкіметімен халықаралық келіссөзге және Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясы делегацияларымен үшжақты келіссөзге байланысты болды», - деп жазылған ресми жауапта.
Бұл іссапарда қазақстандық делегация құрамына бірқатар мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кірген.
Қазақстан тарапын Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, қырғыз делегациясын Министрлер Кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Арзыбек Кожошев бастаған.
Ресей делегациясында Ресей Қаржы министрінің орынбасары - статс хатшысы Алексей Сазанов және кеден, салық қызметтерінің басшылығы болған.
«Олар Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Нұр жолы» өткізу бекетіне, «Қорғас-Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағына және «Қорғас» ШЫХО-ға барған. Басты мақсат – жүк тасымалының бірыңғай электрондық кезегінің проблемаларын шешу және жүк тасымалдаудың жеке операторларын алып тастау арқылы олардың құнын едәуір төмендету болған. Айта кетейік, шұғыл мәселелерді шешуге екі күн ғана уақыт берілді. Осыған байланысты жедел жету мақсатында осындай жағдайларға арналған арнайы борт пайдаланылды», - дейді министрік.
Жалпы жыл басынан бері Бақыт Сұлтанов шамамен 15 жұмыс іссапарына барған. Олардың көпшілігі шетелдік іссапарлар, оның ішінде Мемлекет басшысының сапары да бар.
Бұған дейін Telegram-дағы ProTenge арнасында бұл туралы ақпарат жарияланған, онда Бақыт Сұлтанов бюджеттен Алматы облысына екі күндік іссапарына 9,6 миллион теңге жұмсады делінген еді.
17 мамырда вице-премьер Ералы Тоғжанов журналистің "министрлердің миллиондаған қаражатқа жасаған іссапарлары" туралы сұрағына жауап бере отырып, қазақстандық министрлердің жеке ұшақтары жоғын, сондықтан рейс ұшақтарымен ұшатынын мәлімдеген болатын.