Солтүстік өңірлердің экспорттық әлеуеті Ресейдің Сібір, Солтүстік және Қиыр Шығыс өңірлеріне шамамен 1 млрд долларды құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Солтүстік Қазақстан облысын дамыту жөніндегі Кешенді жоспардың 53-тармағында сауда-логистикалық хаб құру көзделген. Сауда және интеграция министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп бұл мәселені пысықтады. Аталған жоба іске асыру екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде Ұлттық тауар өткізу жүйесі аясында көтерме-тарату орталықтары құрылады. Екінші кезеңде ол сауда-логистикалық хаб ретінде жалғастырылады. Қазіргі уақытта Ұлттық тауар өткізу жүйесін құрудың бірінші кезеңі Ұлттық экономика министрлігінің экономикалық сараптамасы аяқталу сатысында. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айына жоспарланған», - деді министр.
Оның айтуынша, Ұлттық тауар өткізу жүйесін құрудың екінші кезеңі 7 көтерме-тарату орталығын, оның ішінде Петропавл қаласындағы Сақтау – көтерме-тарату орталығын құруды көздейді.
«Бірінші кезеңде жинақталған тәжірибені ескере отырып, құрылыс жұмыстары биылдың қыркүйек айына жоспарланған. Қазақстанның солтүстік өңірлерінің экспорттық әлеуеті Ресейдің Сібір, Солтүстік және Қиыр Шығыс өңірлеріне шамамен 1 млрд долларды құрайды. Осыған байланысты Петропавл қаласындағы көтерме-тарату орталығын толыққанды өнеркәсіптік, сауда және логистикалық хабқа одан әрі дамытуға көзделіп отыр. Хабтың мамандануын Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы өнімдерін, сондай-ақ минералдар, көмір, цемент және басқа да тауарларды жүзеге асыруға бағыттауды ұсынамыз», - деді Бақыт Сұлтанов.
«Солтүстік Қазақстан облысы 592,3 мың тонна картоп және 37 мың тонна сәбіз өндіреді. Кәсіпорындардың үлесі шамамен 100 мың тоннаны құрайды, ал қалған бөлігі жеке үй шаруашылықтар арқылы өндіріледі. Петропавл қаласында сақтау – көтерме-тарату орталығын құру ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді 50 шақырым радиуста сақтау алаңдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және Мағжан Жұмабаев атындағы ауданды, Қызылжар, Мамлют, Аққайың аудандарын қамтиды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен Петропавл қаласына жер телімін бөлу мәселесі пысықталды. 21,3 гектаралаңда қоймалар мен теміржол бекеті бар. Сауда-логистикалық хабты құру өңірдің дамуына, бәсекеге қабілетті өндірістерге, өнімнің жаңа түрлерін игеруге, өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға және инвестициялар тартуға қосымша серпін береді», - деді мнистр.