ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев базарға қаншалықты жиі баратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БАҚ өкілдері қос министрден базар-дүкендерге қаншалықты жиі бас сұғатынын сұрады.
«Әрине, отбасылы адам болғандықтан үйімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Демалыс күндері уақытым болғанда дүкенге, базарға барамын. Әр отбасының өз аспаздық ұстаным-қалауы болады. Мысалы, палау пісіру үшін қымбатырақ ет алу керек болады дегендей. Әрине, азық-түлікті өзіміз сатып аламыз және бағалардың шамасын білеміз. Азық-түлік себетінің бағасы туралы айтсақ, сөзсіз, ол өсті. Оған инфляция дәлел. Азық-түлік бағасы өсіп жатқанын көріп жүрмін», - деді Бақыт Сұлтанов.
Ал Ербол Қарашөкеев отбасына қажетті азық-түлікті бірге барып алуға қолы тие бермейтінін айтты.
«Өкінішке қарай, жұбайыммен, жанұяммен бірге азық-түлік сатып алуға баратын уақытым жоқ. Бірақ айына бір немесе екі рет жексенбі сайын отбасыммен азық-түлік сатып алуға тырысам. Жалғыз айта кететін дүние, біз әрдайым тек Қазақстанда өндірілген өнімдерді ғана аламыз. Бағаның айтарлықтай өскені сезіледі. Бірақ былтырға қарағанда картоп, сәбіз сияқты көкөністердің бағасы тұрақты болды. Министрлік қабылдаған шаралардың арқасында бұл өнімдерге байланысты дүрбелең болған жоқ», - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қант тапшылығын реттей алмаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаған еді.