20 ақп, 2019 сағат 12:23

Сұлтанов астаналықтарды сақ болуға шақырды

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов қалада ашық қалатын құдықтардың проблемасына тоқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сұлтановтың айтуынша, құдықтардың ашық немесе жабық екені бейнекамералардың көмегімен анықталып жатыр.

"Бұл үлкен проблема, сіздер білесіздер, адам өліміне әкеп соққан оқиғалар бар, күні кеше ғана бір бала табылды. Біз құдықтарды салғандар мен оларды ашық қалдырғандарға қатысты түрлі шара қолданамыз. «Сергек» камераларының арқасында ашық жатқан кәріз құдықтарын анықтап отырмыз. Азаматтардан сақ болуды және дер уақытында хабарлауды өтінемін. Коммуналдық қызметтерден күн сайын аралап, қадағалап жүруін сұраймыз", - деді әкім халыққа есеп беру кездесуінде.

Ол күзден бері мыңдаған құдықтың ашық қалғаны анықталғанын атап өтті.

"Қала тұрғындарының iKomek жүйесі бұл проблемаға бей-жай қарамайтыны қуантады. Ашық қалған құдықтар туралы ақпар түскен сәтте-ақ, шара қабылдауға тырысамыз. Бірақ оларды үнемі ұрлап кетеді. Құдықтың бетін жабасың, таңертең жоқ болып шығады. Азаматтарға тағы бір мәрте айтарым, сақ болыңыздар. Дер кезінде хабар беруді сұраймын", - деген әкім металл қабылдайтын орындарға қатысты шаралар да қолға алынғанын айтты.

Жалпы, әкім дерегіне қарағанда,  қалада 6 мың «Сергек» камерасы орнатылып, жұмыс істеп тұр. Соның арқасында аулаларда орын алатын қылмыс екі есеге төмендеген.

«Сергектің» арқасында жол-көлік оқиғасының салдарынан болатын өлім-жітім де 2 есе төмендеді»,  - деді Б.Сұлтанов.