Өткен жылы астанада автобустардың қатысуымен 312 жол-көлік оқиғасы болып, оларда 372 адам жарақаттанды. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен аппарат отырысында елорда басшысы Бақыт Сұлтанов айтты.
Еlorda.info сайтындағы ақпаратқа сәйкес, отырыста қоғамдық көлік мәселесіне қатысты «Астана LRT» компаниясының басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов баяндады.
«Қоғамдық көліктегі қауіпсіздік мәселесі бүгінде басты назарда. Бұл мақсатта арнайы комиссия да құрылды. 28 наурыздан бастап қаладағы барлық автобустар техникалық, ал жүргізушілер медициналық тексерістен өтуде. Сондай-ақ, автобустардың жол жүру регламенттері қайта қаралып, тиісті ұсыныстар әзірленді. Атап айтқанда, автобус жүргізушілерінің медициналық тексеруден өту мерзімін 1 жылдан 6 айға дейін қысқарту көзделген. Сол сияқты қоғамдық көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үстіміздегі жылы түрлі бағыттағы 24 іс-шара өткізгелі отырмыз. Одан бөлек, барлық парктің автобус жүргізушілері мен кондукторларына қатысты персоналдық талдау жасалды. Бүгінде қала парктерінде 1156 автобус бар. Оның 800-ден астамы күнделікті желіге шығады. Және де 156 автобус жөндеуде тұр», - деді Бекмырза Игенбердинов.
Өз кезегінде қала әкімі Бақыт Сұлтанов жолаушылар автобустарында орын алған жол-көлік оқиғаларына қатысты бірқатар мәлімет келтіріп, оларды алдағы уақытта болдырмау жолдарын қарастыруды тапсырды.
«2019 жылдың басынан бері 82 мың шағым келіп түскен. Оның ішінде жол жүру кестесін сақтамау, экипаждың дұрыс емес әрекеті, аялдамадан өтіп кету және тағы басқа кемшіліктер айтылған. Бұл динамика қыркүйек айынан бері артып келеді. Бірақ 7 айдың ішінде ешқандай өзгеріс байқалмай отыр. Өткен жылы қоғамдық көліктің қатысуымен 312 жол-көлік оқиғасы орын алып, одан 372 адам жарақат алды. Ал биыл жыл басынан бері 54 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 88 адам зардап шекті. Өкінішке қарай 2 өлім жағдайы тіркелді. Ол - өткен аптада орын алған оқиға, оны бәріңіз білесіздер», - деді Б.Сұлтанов.
Елорда басшысы аппарат отырысында, сондай-ақ қаланың тазалығына қатысты сын айтқан болатын.