ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов халықты суды тиімді пайдалануға ынталандыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, су ресурстарын тиімді пайдалануымыз қажет. Осы мәселені шешудің бір жолы – халықты суды тиімді пайдалануға ынталандыру. Қолайлы өмір сүру үшін жеткілікті оңтайлы тұтыну нормасын айқындай отырып, сараланған тарифтерді енгізу қажет», - деді Бейбіт Атамқұлов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министр барлық өңірде су тұтынуға кешенді талдау жүргізіп, оның негізінде отбасына оңтайлы тұтыну нормасын айқындау қажеттігін айтты. Бұл ауыз сумен жабдықтау өндірісіне және сарқын суды тазартуға жұмсалатын шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау жергілікті жерлердегі атқарушы органдардың бірлескен және өзара келіскен жұмысына байланысты. Әкімдіктер халықты сумен 100 % қамтамасыз ету үшін 2023 жылға дейін жобалау-сметалық құжаттаманы сапалы әзірлеуі және гидрогеологиялық жұмыстарды аяқтауы, халқы аз ауылдарда кешенді блок-модульдер орнатуды жеделдетуі қажет», - деді Б. Атамқұлов.