Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин каналдар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев суармалы жерлердің ауданын 2025 жылға қарай 2,2 млн гектарға дейін, ал 2030 жылға қарай 3 млн гектарға дейін кеңейту бойынша нақты міндетті айқындады. Бүгінде халық пен экономика салалары үшін су алудың жалпы көлемі шамамен 25 текше километрді құрайды. Жыл өткен сайын қажеттіліктер арта беретін болады және бұл - суды тиімді пайдалануды, ең жаңа технологияларды енгізуді, саланы цифрландыруды талап етеді. Тек автоматтандырылған бөлу мен тасымалдау есебінен судың артық жұмсалуы жыл сайын 1,2 текше шақырымға қысқарады», - деді Мамин.
Осы ретте, алдағы бес жылдық кезеңде 120 каналды реконструкциялау мен жаңа 9 ірі су қоймасын салу жөнінде шаралар қабылданады.
«Сонымен қатар, өңірлік деңгейде жайылымдық жерлердегі гидротехникалық құрылыстарды, құдықтарды жаңғыртуды, жөндеуді және оларға қызмет көрсетуді жүргізу қажет. Жалпы, су қоймаларын салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын қолдану – жыл сайын 6,4 текше шақырым көлемінде қосымша су ресурстарын жинауды қамтамасыз етеді. Бұл шаралар «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында да бар. Қабылданып жатқан шараларды қолдауды ұсынамын», - деді Премьер-Министр.