05 қаз, 2021 сағат 12:46

Суармалы жерлер алаңын арттыру қандай нәтиже береді?


2030 жылға қарай суармалы жерлер алаңын 2 есе артады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында суармалы алаңдарды 2025 жылға қарай 2,2 млн гектарға және 2030 жылға қарай 3 млн гектарға жеткізу жұмыстары жалғасуда. Суды көп қажет ететін күріш және мақта, сондай-ақ масақты дәнді дақылдар сияқты дақылдардың үлесінің азаюы күтілуде, бұл ретте дәнді масақты дақылдарды суару тек азықтық ауыспалы егісте ғана көзделген. Жалпы көрсетілген шаралар 2030 жылға қарай суармалы жерлер алаңын 2 есе, жалпы жиналымды 5,6 есе, жалпы пайданы 6,4 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді Қарашөкеев.

Оның айтуынша, суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру перспективалары суарудың су үнемдеу технологияларын кеңінен қолданумен тығыз байланысты, бұл су шығынын азайтуға және су мен қоректік заттарды нүктелі беру арқылы өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

«Бүгінгі күні су үнемдеу технологиялары енгізілген алаңдардың ұлғайғаны байқалады, оған инвестициялық субсидиялау ықпал етті. Бұл инвестициялық субсидиялау аясында фермерлердің қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ су алу мен беруге арналған бүкіл қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі», - деді министр.