Су үнемдеу технологияларымен қамтылған алаңдар 450 мың гектарға дейін жеткізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында каналдар мен су қоймаларын салуды талқылау кезінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша су үнемдеу технологияларымен қамтылған алаң республика бойынша 248 мың гектарды құрады. Оның ішінде оңтүстік өңірде 1,25 млн гектардың тек 5,4 пайызы немесе 67,7 мың гектары ғана енгізілген.
«2025 жылға қарай Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаға сәйкес, су үнемдеу технологияларымен қамтылған алаңдарды 450 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жыл сайын 1,5 текше километр көлемінде суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты, министрлік Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, алаңдарды анықтай отырып, барлық облыстар бойынша су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі жол карталарын әзірлеуді және бекітуді ұсынады», - деді Брекешев.