01 нау, 2018 сағат 08:57

Су тасқыны: Тәулік бойы бақылау жүріп жатыр

Су тасқынының алдын алу үшін республикалық маңызы бар тасжолдарда тәулік бойы патрульдеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды «Ұлт Ақпарат» «ҚазАвтоЖолға» сілтеме жасап.

Кеше жауын-шашын мен қар суына байланысты Алматы мен Жамбыл облыстарындағы республикалық тасжолдарда тасыған су деңгейінің көтерілгені байқалған. Қазіргі таңда су деңгейі төмендеген. Бұл жағдай автокөліктердің қозғалысына кедергі келтірмеген, деп атап өтті аталған ұйымның баспасөз қызметі.

Алматы облысында 24 ақпаннан бастап тасжол арқылы судың тасығаны 5 рет және республикалық тасжолдарда, атап айтқанда Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай және Жамбыл аудандарында еріген қар суының автожол бойында жиналуы 6 рет тіркелген.

Жол жөндеушілердің көмегімен бұл мәселелер өз шешімін тапқан.

Жамбыл облысында Тұрар Рысқұлов ауданында Алматы-Ташкент-Термез тасжолында, Ақыртөбе елді мекеніне жақын жерде жолдың бойында тасыған судың жиналуы байқалған. «Қазақавтожол» ЖШС-ның Жамбыл облысындағы бөлімшесі шұғыл түрде су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізген.

Су тасқыны байқалған тасжолдардың учаскелерінде ешқандай бұзушылық тіркелмеген, жол қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікте.