25 сәу, 2024 сағат 14:10

Су тасқыны: Мал шығыны өтеліп жатыр


Коллаж: Kazinform, pexels


Елімізде су тасқынының беті қайтып, тұрғындардың шығыны өтеліп жатыр. Осы ретте, залалды өтеу және деректерді салыстыру жөніндегі комиссиялардың жұмысы шеңберінде су тасқыны салдарынан 8,2 мың бас ауыл шаруашылығы жануарларының өлгені расталып отыр, депхабарлайды «Ұлт ақпарат» Kazinform-ға сілтеме жаса.


Оның 70 пайызға жуығы ұсақ мал. Ауыл шаруашылығы министрлігінің республикалық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өлген жануарларды жинау және жою жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин мәлімдеді.


Оның айтуынша, өлген жануарларды утилизациялау жұмыстары ветеринариялық қызметтердің ерекше бақылауында. Осы орайда, шығу тегі күмәнді етті сату туралы таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді.


Сонымен қатар су басқан аймақтарда тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатында Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті су басқан аумақтардағы мал қорымдарына қосымша профилактикалық дезинфекциялық өңдеу іс-шараларын жүргізіліп жатыр.


Республикалық штабтың хаттамасымен өлген жануарлардың құнын өтеу алгоритмі бекітілген. Өтемақы алу үшін өтініш берушілер залалды актілеу мақсатында жергілікті комиссияға жүгінуі қажет. Естеріңізге сала кетейік, ауыл шаруашылығы малдары бойынша өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялайтын олардың түрлері мен жас топтары бойынша нарықтық құны туралы деректер негізінде анықталады.


«Өңірлерде өлген жануарлардың иелеріне өтемақы төлеу жүргізілуде. Бүгінде Қостанай облысында ауыл шаруашылығы жануарларының 780 бас малына 113,2 млн теңге, Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы жануарларының 753 бас малына 98,3 млн теңге сомасында өтемақы төленді. Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша залал толығымен өтелді. Батыс Қазақстан облысында өтемақыға 187,4 млн теңге бөлінді, өтінімдерді қабылдау рәсімі жүргізіліп жатыр. Төлем осы апта соңында басталады. Атырау және Ақмола облыстарында өтемақы алуға өтінімдер қабылдануда», – деді Олжас Тілебалдин.


Ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне өтемақы төлеу бюджет қаражатынан да, бюджеттен тыс көздерден де жүргізілетінін атап өткен жөн.