05 сәу, 2022 сағат 21:53

Су тасқыны: БҚО-ның Жәнібек ауданында төтенше жағдай жарияланды


Көктемгі су тасқыны зардаптарын жою мақсатында Жәнібек ауданында төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиевтің биылғы 5 сәуірдегі №1 шешіміне сәйкес Жақсыбай, Талов және Борсы ауылдық округтерінің аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. 

Аудан әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов басшылық етеді.

БҚО ТЖ департаменті мәлім еткендей, тұрғындары ең көп зардап шеккен Жақсыбай ауылында 97 үйдің суға кеткені белгілі.

«Қазіргі уақытта Жақсыбайда су тасқыны зардаптарын жоюға ТЖ құрылымдарынан 17 адам (2 техника, 4 жүзу құралы, 7 мотопомпа), жергілікті атқарушы органдардан 70 қызметкер (3 техника) жұмылдырылған. Далаға су айдау, құм салынған қаптармен бекіту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ бағандар орнатылып, 8 үйге жарық берілді. Ауыл маңындағы темір көпір жөнделіп, іске қосылды», деп хабарлады ведомстводан. 

Осылайша, Батыс Қазақстан облысында төрт ауданда (Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөрлі, Жәнібек) төтенше жағдай жарияланып, соған сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда.