10 сәу, 2024 сағат 20:16

Су тасқыны 15-ші күн. «Қап жетпей жатыр»


Фото:qyzylqoga.kz

Қазақстандағы алапат су тасқынының жүріп жатқанына 15 күн болды. «Ұлт Ақпарат» тілшісі төтенше жағдайға байланысты бүгінгі жағдайға шолу жасады.

27 наурыздан бастап еліміздің әр өңірінен су тасқынына байланысты хабарламалар түсе бастады. Аз уақыттың ішінде елдің көп бөлігін қызыл су басып, 10 облыста төтенше жағдай жарияланды. Қызыл судан халықтың мал-мүлкі суға кетіп, тіпті адам шығыны бар екені анықталып жатыр. Құзырлы органдардың мәлімдеуінше қауіп әлі сейілген жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылда болмаған жағдай екенін айтты.

96 472 адам

10 сәуірдегі ресми ақпарат бойынша бүгінгі күнге дейін су тасқынынан 96 472 адам эвакуацияланды. Олардың 31 640 балалар. 

Тартылған әуе кемелерімен 2 823  адам, оның ішінде 865  бала құтқарылды. Уақытша орналасу пунктеріне 7 605 адам, оның ішінде 3 474 бала орналастырылды. 82 559 мың ауыл шаруашылық жануар қауіпсіздік жерге айдалды. «Жедел желі» телефонына 1 214 қоңырау түсті, психологтар зардап шеккен адамдарға писхологиялық көмек көрсетуде. Су жүрген 139 автожол, су шайған 105 автожол, оның ішінде 8 көпір және 97 жол төсемі бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын құрған 69 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды.


Алайда қарапайым халық мемлекеттік органдардан көмек жеткілікті емес, көп жағдайда баяу келіп жатқанын айтып шағымданып жатыр. Олар қызыл судан өз беттерінше қорғанып, қапқа топырақ толтырып, бөгет орнатып жатқанын айтуда. 

"Қап жетпей жатыр"

Қазіргі уақытта су басқан және басу қауіпі бар аймақтарда халық қап жетпей жатқанын айтып дабыл қағуда. Кейбір пайдакүнемдер қара базарда қаптың бір данасын 200-300 теңгеден сатып, пайда көріп жатыр дейді.  Ал эвакуацияланған адамдар киім-кешек, көрпе-жастық, су мен тамақ және гигиена заттарына мұқтаж көрінеді. 

Қазіргі уақытта елдің түкпір-түкпірінде төтенше жағдайдан зардап шеккендерге жылу жиналып жатыр. Халық ақшалай да, заттай да қол ұштарын созуда.

Тіпті желіде дағыстандық азамат бір тәулік жол жүріп, Атырау халқына 50 мың қап жеткізгені айтылып жатыр. Айтуынша, ол Ресеймен шекаралас Атырау өңірінде су тасқынын бөгеуге арналған қап жетпей жатқаны туралы хабарламаны естіп, көмектескісі келген. 

Қорымдар мен зираттарды су шайып кетті

Қарғын су Батыс Қазақстанда мал көметін 8 қорымды, сондай-ақ, сібір жарасының 14 қорымын шайып кеткен.


Төтенше жағдай болған аумақтарда жануарлардың қауіпті жұқпалы ауруларының алдын алу мақсатында барлық мал ветеринариялық қызметтердің бақылауында болады. Барынша қысқа мерзімде қоздырғыштары топырақта сақталатын сібір жарасына, эмфизематозды карбункулға қарсы барлық жануарға вакцина егіледі", - деді облыстық ветеринария басқармасының ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Нұрқайыр Құсайынов аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.  

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше бүнгі күнге дейін топан суда өлген мал саны 8,1 мың бас. Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ 4,1 мың бас өлген малды жойған. 

Әлеуметтік желілерде су бетінде жануарлар өлексесімен бірге адам мүрделері де қалқып жүрген видеолар тарап жатыр. Өкінішке қарай мал қорымдары ғана емес, жергілікті зираттарды да су шайып кетіп жатқан көрінеді. 

Ондан бөлек, кәріз құбырлары, сарқынды су, мұнай өнімдері топан сумен араласып кетіп жатқан жайы бар деп отыр тұрғындар.

Денсаулық сақтау мамандары төтенше жағдай болған аймақтарда адамдарға гигиеналық тазалықты қатаң сақтауға шақырады. 

Су тасқыны болатыны ескертіліп айтылды, алайда...

Еске салсақ, ақпан айында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов биылғы көктемге министрлік қалай дайындалып жатқанын баяндап, «Көктем-2024» бағдарламасын таныстырған болатын. Алайда бұрын Төтенше жағдайлар министрлігінде жұмыс істеп көрмеген Арыновқа журналистер «көктемде жүретін селге дайын емессіз» деп шүйліккен еді. Себебі министрдің өзі журналистердің сұрағына жауап бере алмай, департамент басшыларына сілтей берген болатын. Тілшілерде осыдан көктемде жүретін селге министр дайын емес пе деген күмән туындады. Ал өз уәжінде Шыңғыс Арынов қалай жұмыс істей алатынын іспен дәлелдейтінін айтып: «Ең бастысы жұмысты уақытында ұйымдастыру. Қалай дайын болғанымызды келешекте көресіздер. Іс жүзінде. Сол кезде сын болса айтасыздар», - деген еді.

Алайда аймақтарды қызыл су басып, ел-жұрт алапат судың астында қалғанда министрлік өкілдері «қызыл судың қай жақтан келгенін білмей қалғандарын» айтқан болатын.

Бірақ еске салсақ, Қазгидромет су тасқыны бойынша алдын ала болжам жасап, ескерткен-тін.

Бұдан бөлек ақпанда депутаттар да үлкен су тасқыны келе жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын. Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашиновтың сауалында 14 ақпандағы депутаттық сауалында:

«Елімізде көктем түспей тұрып, көптеген аймақтарда тасқын жүру қаупі бар! Биыл Қазақстан аймақтарында ерекше климаттық ауытқу болып тұр. Бір жерде қар апталап жауып тұрса, бір жерлерде «ескек»  жел соғып, тасқын болып жатыр», - деген еді.


Ол өз сөзінде еліміздің барлық аумағында су тасқыны қаупі бар жерлердің картасын  жасауды, халыққа тасқын, сел қаупі жөнінде дер кезінде хабар беру жүйесін тексеруді, төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару қызметтерінің азаматтарды дер кезінде қауіпті жерлерден алып шығу қабілетін қазірден қадағалап тексеруді дәне су тасқыны қаупі бар жерлердің барлығында тасқыннан қорғайтын дамбалар, контррегуляторлар, су өтетін көпірлердің астарын  тазалау қажеттігін айтқан болатын.

Ғаламдық жылыну

Мамандар биылғы су тасқынының түрлі себебін айтады. Солардың бірі — ғаламдық жылыну. Экологтар биылғы қыс постиндустриялы кезең тарихтағы ең жылы қыс болғанын айтып дабыл қағуда. Олардың сөзінше 12 ай бойы жер бетіндегі ауа температурасы  +1,5°C көтерілген.