Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресрустар министрі Серікқали Брекешев су тапшылығына жолыққан фермерлерге қандай көмек қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шардара су қоймасына барынша ең жоғары ағынды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Оның басты мақсаты – Түркістан облысының Шардара, Отырар және Арыс аудандарындағы Қызылқұм алқабын, сондай-ақ Қызылорда облысының фермерлерін сумен қамтамасыз ету.
Өзбек және тәжік тараптарымен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Шардара су қоймасына құятын ағын су көлемі ұлғайтылды. Нақты айтсақ, ақпан айындағы көрсеткіш қаңтармен салыстырғанда 22% пайыз артты. Сондай-ақ, ақпан айында «Бахри Точик» су қоймасынан Қазақстан жаққа қосымша 181 млн текше метр су ағызылды.
Келесі айда Су шаруашылығын мемлекетаралық үйлестіру комиссиясының отырысы өтеді. Онда Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының жұмыс режимдері келісілетін болады. Сонымен қатар, әрбір елдің су алу лимиттері бекітіледі», - деді Серікқали Брекешев.
Оның мәліметі бойныша, «Қазсушар» мекемесі мен фермерлердің өздері каналдарды тазарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
«Су тапшылығы жағдайында фермерлерге көмек көрсету үшін Үкімет резервінен каналдарды тазалауға, қосымша сорғылар сатып алуға және ұңғымалар бұрғылау жұмыстарына тиісті қаражат бөлінеді», - деді министр.