05 сәу, 2022 сағат 16:54

Су басуы мүмкін жолдарда кезекші бригадалар жіті бақылап отыр – министр


ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев республикалық маңызы бар жолдарды су шаю мәселесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жолдарды су басу мәселесі жіті бақылауда. Соның бірі Ақтөбе облысында болды. Бірақ су шайған тасжол жөнделіп жатқан болатын. Яғни, қолданыстағы жол емес. Жалпы жол салу мен жөндеуде мердігер компания 5 жылға кепілдік береді. Ақтөбеден бөлек, басқа өңірлер бойынша жол бойын су шаюдың 19 жағдайы тіркелді. Бүгінде бүкіл жағдай бақылауда. Мен республикалық маңызы бар жолдар туралы айтып отырмын», - деді Қайырбек Өскенбаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Министрдің айтуынша, су тасқыны қаупіне байланысты республикалық маңызы бар тасжолдарда арнайы бригадалар мәселені бақылауда ұстап отыр. 

«Су басу қаупі бар деген жолдар бойында кезекші бригадалар төтенше жағдайға дайын отыр. Төтенше жағдай немесе табиғи апат күтпеген жерден болады. Сондықтан алдын ала нақты бір болжам айту мүмкін емес», - дейді ол.