Су тасқыны қаупі бар өңірлерде автожолдарда күнделікті патрульдеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Автомобиль және темір жолдардағы су тасқыны қаупінің алдын алу әрі жою мақсатында министрлік уақтылы және қажетті шаралар қабылдауда. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, автожолдар мен жол құрылыстарын күнделікті патрульдеу жүргізіліп жатыр. Бақылауда 278 қауіпті учаске, 52 көпір және 478 су өткізу құбыры бар, оларда 700- ден астам жол-пайдалану техникасы бекітілген», - деді Қ. Өскенбаев Сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, су тасқынына қарсы жұмыстарды ұйымдастыру үшін материалдардың қажетті көлемі дайындалды.
Жалпы, су тасқыны кезеңінен бері еріген қар суының жолдың жүру бөлігінен асып кетуінің 30 жағдайы тіркелді.
«Теміржолдар бойынша тоқталсақ, пойыздардың үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын, жолды, жасанды құрылыстарды уақтылы дайындауды қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы тиісті бұйрығын бекітті. Онда су тасқыны кезеңінде жол мен жасанды құрылыстардың сақталуы мен тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар көзделген. Тасқын суларды өткізу бойынша өткен жылдардың тәжірибесін талдаудан барлық өңірлер бойынша 673 қауіпті орынның (құбырлар, көпірлер, жержол) тізбесі айқындалды», - деді министр.