20 қыр, 2023 сағат 14:29

Степногордағы мектеп есепшісі бес жылға бас бостандығынан айырылды

Фото: pixabay.com

Степногор қаласы мектебінің бас есепшісі мектеп директорының ЭЦҚ кілтін пайдаланып, өзіне жоғары жалақыны заңсыз есептеген. Сот оны бес жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Степногор қаласы мектептерінің бірінің бас есепшісі мекеменің шотынан өзінің банктік шотына қаражат аударып, ол ақшаны банкоматтардан қолма-қол алып отырған.

2022 жылдың сәуірінен 2023 жылдың наурызына дейін есепші өзіне 36 миллион теңгеден астам соманы заңсыз аударған. Құқық қорғау органдарының пікірінше, есепші қызметтік ережені пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы).

"Сотта есепші кінәсін толық мойындады. Оның кінәсі сот-экономикалық сараптаманың қорытындысымен, ұялы телефонындағы ақпараттармен, куәгерлерден, мамандардан жауап алумен және шоттар бойынша банк берген құжаттармен расталды", - делінген іс материалдарында.

Степногор қалалық соты экс-есепшіні материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, бес жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сотталушыдан келтірілген материалдық залал өндірілді.

"Сотталған адамның асырауында төрт жас баласы бар екенін ескере отырып, сот Қылмыстық Кодекстің 74-бабының 1-бөлігі негізінде баласы 14 жасқа толғанға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындауды кейінге қалдырды", - делінген ведомство хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.