16 қазан күні Ш.Құсайынов атындағы музыкалық қазақ-драма театрында Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының аясында мемлекет қайраткері, ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған "Сыр сандықты ашып қара" атты аймақаралық ақындар мүшәйрасы өтті.
Мүшәйраның мақсаты саналы ғұмырын қазақ халқының руханиятына арнаған тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау, дарынды жастарды анықтау және оларға қолдау көрсету.
Жыр додасында өзара бақ сынасқан Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар және Көкшетау қалаларынан келген ақындар арнау өлеңдерін тарту етті.
Жас ақындарға мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық Жамбыл және Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлы, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреқожа, филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі Әліби Шапауов, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Ерболат Баятұлы, ақын, журналист, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры Алмас Темірбай сынды қазылар алқасы төрелік етті.
Ақындар мүшәйрасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев жүргізді.
Іс-шараны қорытындылай келе ынталандыру сыйлықтарына Ардакерей Кәпұлы (Нұр-Сұлтан қ.), Мұхаммед Қоңқаев (Көкшетау қ.), Абзал Балтабай (Көкшетау қ.), Темірбек Бәзілхан (Зеренді ауданы) ие болды.
Жүлделі І орынды Қуаныш Оспан (Көкшетау қ.), ІІ орынды Нұрислам Әбділ (Нұр-Сұлтан қ.), ІІІ орынды Бақытбек Бекмұрат (Көкшетау қ.) иеленді. Бас жүлде Қарағанды қаласынан келген Жанат Жаңқашқа бұйырды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар табысталды.