Антиген тесті оң нәтиже көрсеткен Аргентина президенті Альберто Фернандес коронавирус жұқтырды деген күдікпен оқшауланды. Бұрынырақта ол Ресейде шығарылған коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын салдырған еді.
62 жастағы саясаткер Twitter-дегі жазбасында кешкісін қызуы сәл көтеріліп, басы ауырғанын, сондықтан тест жасап көруді ұйғарғанын айтты. Қазір ол нақтырақ нәтиже көрсететін ПТР тестінің қорытындысын күтіп отыр.
Аргентина — "Спутник V" вакцинасын қолдануды алғаш болып мақұлдаған елдердің бірі. Елдің реттеуші органдары препаратты 60-тан асқан адамдарға қолдануға рұқсат бергеннен соң, Фернандес қаңтар айында екпенің алғашқы дозасын салғызған. Кейіннен оның екінші дозаны да салғызғаны айтылды.
Аргентина президентінің жазбасына жауап берген "Спутник V" вакцинасының Twitter-дегі парақшасы болған жайтқа қынжылатынын айтты және әзірлеушілердің тұжырымы бойынша, бұл екпе адамды Covid жұқтырудан 91,6 пайыз, ал оның ауыр салдарынан 100 пайыз қорғайтынын хабарлады.
Қазақстан "Спутник V" вакцинасын 15 ақпанда тіркеді. Вакциналау науқаны препаратты тіркеуден бұрын-ақ, 1 ақпанда басталды.
Ресейдің Николай Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген бұл екпе әлемнің 59 елінде Covid індетіне қарсы құрал ретінде тіркелген. Ресей билігі вакцинаны сынаудың үшінші кезеңі бітпей жатып оны ресми тіркеуден өткізген, сол үшін ғылыми қауымдастық бұл екпенің қауіпсіздігі мен тиімділігіне күмән келтірген. Кейін халықаралық The Lancet ғылыми журналы "Спутник V" екпесі сынақтың үшінші кезеңінен кейін 92 пайыз тиімділік көрсеткені туралы мақала жазды.