30 мам, 2024 сағат 15:14

Спорт министрлігі бюджетті тиімсіз жұмсаған – Антикор


Фото: Depositphotos


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі туризм және спорт министрлігімен бірлесе отырып, спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».


Антикордың мәліметінше, талдау нәтижесінде мемлекеттік қаражатты тиімсіз жұмсауға және жымқыруға ықпал ететін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған. Орталық деңгейде сыртқы талдау туризм және спорт министрлігінің қызметінде, өңірлік деңгейде облыстық спорт және дене шынықтыру басқармаларында жүргізілді.


“2018 жылдан бастап спорт саласының бюджеті 2 есе өсіп, 1,4 триллион теңге болды. Келесі 3 жылға тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланған. Елеулі қаржыландыруға қарамастан, Қазақстан олимпиадалық медальдық есептерде және Дүниежүзілік спорт рейтингінде төмен позицияларды иеленуді жалғастырып отыр. Сонымен қатар күдікті матчтар саны бойынша жемқорлыққа ұшыраған елдердің бірі болып танылды (Sportradar халықаралық ұйымының антирейтингінде 4-ші орында)”, – делінген хабарламада. 


Талдауға сәйкес бұл жағдайға мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкелетін бірқатар фактор ықпал етеді.

  1. "Жоғары жетістіктер" және "бұқаралық" спортты қаржыландыру арасындағы айқын теңгерімсіздік. Бұл ретте жоғары жетістіктер спортының бюджеті (340 миллиард теңге) бұқаралық спортқа (35 миллиард теңге) қарағанда 9 есе артық. Кәсіби спорт саласында ашық емес және субъективті төлемдер үшін жағдайлар жасалған, ал бұқаралық спортта қаражат бөлу рәсімі цифрландырылған, халықтың қажеттіліктеріне байланысты және атаулы сипатта болады. Жоғары жетістіктер спортында шетелдік ойыншыларды командаларға шақыру қалыпты жағдайға айналды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдік азаматтарды алды, оның ішінде әрбір екінші ойыншысы (79) еліне оралды.
  2. Спорт ұйымдары мен уәкілетті органдардың бөлінген қаржыны бақылаусыз және ашық игермеуі. Бұл ретте жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізуге және спорт үй-жайларын жалға алуға қаражат бөлініп, спорттық жабдықтар мен экипировкаларды жоғары бағамен бір көзден алу тәсілімен сатып алу іске асырылған. Іс жүзінде жұмыс істемейтін адамдарға артық еңбекақы мен қосарланған қаржыландыру есептелген.
  3. "Самұрық-Қазына" АҚ спорт федерациялары мен кәсіби клубтарының қаражатының тиімсіз шығыстары. Кәсіби клубтардың пайдасыз ойыншыларына төлемдер, кәсіби клубтардың басшылығына жалақыны жоғарылату, 5 жұлдызды қонақ үйлерде орналастыру, оқу-жаттығу жиындары мен күмәнді агенттіктермен келісімдер жасау арқылы қаражат алумен байланысты жүйелік жемқорлық тәуекелдер анықталды. 6 жыл ішінде (2018-2023 жылдары) 4 кәсіподақ клубын қаржыландыруға “Самұрық-Қазына” АҚ 138 миллиард теңге демеушілік қаражат бөлді (“Астана” ФК – 50,1 миллиард, “Барыс” ХК – 48,8 миллиард, ”Astana Qazaqstan Team” велотобы – 31,5 миллиард, “Астана” БК – 8 миллиард).
  4. Спорт ғимараттарын тиімсіз басқару. Соңғы 10 жылда 55 спорттық мемлекеттік ұйым жеке қолға берілді. Кейіннен сенімгерлік басқарушылар мен жаңа меншік иелері спортшыларды жарыстарға дайындауға және спорт ғимараттарын жалға беруге бюджеттен 83,8 миллиард теңге алған.
  5. Мемлекеттік-жекешелік әріптестікте жалған мәмілені іске асыру. МЖӘ-ні іске асыру және спорт ғимараттарын пайдалану желеуімен балаларға мемлекеттік сатып алу және балалар спортын жан басына шаққандағы қаржыландыру рәсімдерін айналып өту үшін қағаз жүзінде спорттық қызметтер сатып алынады. 2016 жылдан бастап спорт саласында 89,3 миллиард теңгеге 77 МЖӘ жобасы іске асырылса, оның 62 миллиард теңгесі бюджеттік инвестициялар арқылы төленді.
  6. Спорттық процестері цифрландырудың болмауы. 2020 жылы Е-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізуге байланысты жоспарланған әзірлеу жұмыстары жүргізілмеген. Салдарынан бейінді министрлік қазақстандық спорттың жай-күйі туралы толық деректерге ие бола алмай отыр. Сондай-ақ спорт ғимараттарының, спорт секциялары мен жаттықтырушылардың бірыңғай есебі жүргізілмейді.

Осылайша, спортты дамытуға бөлінетін қомақты қаражат мақсаттарға жетпейді және Қазақстан спорт инфрақұрылымы бойынша көрші елдерден едәуір артта қалады (UEFA және FIFA талаптарына сәйкес келмейтін стадиондар, БЖОМ жөнделмеген залдары және тағы басқасы).


Еске салайық, бұған дейін жаңадан тағайындалған премьер-министр Олжас Бектенов МӘМС жүйесіне талдау жүргізуді сұрап, ондағы қаражаттың тиімсіз пайдаланылып жатқанын жазған едік.