25 мам, 2022 сағат 10:26

Атырау облысында мектеп оқушысын аяусыз ұрған балалар үш жылға сотталуы мүмкін


Атырау облысында мектеп оқушысын жоғары сыныптың бірнеше баласы аяусыз ұрып тастаған. Сау-тамтығы қалмаған 15 жастағы бала қазір ауруханада жатыр. Келеңсіздік облыс орталығынан 200 шақырым қашықтағы Исатай елді мекенінде болған. Алақандай ауылдағы қатыгездікке не себеп болды? Бұл - мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік пе? Бұл туралы Аstana телеарнасының сюжетінде айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бауыр еті баласының сау-тамтығы қалмаған денесін көрген анасы өзін қоярға жер табар емес. Жасөспірім "футбол ойнап  жүріп, құлап қалдым" деп, болған жайтты анасынан алғашында жасырған. Анасы оның соққыға жығылғанын, аяғын баса алмай қалған кезде бір-ақ білген. Дереу полицияға шағымданып, оқушыны дәрігерлер бірден облыс орталығына алып кеткен. Ақ халаттылар науқастың ауруханаға түскендегі жағдайы ауыр болғанын айтады.  

"Соғып, қол жағын, аяғын ісіріп қойған, бөтеке жағын соққан, кеудесін соққан балалар. Түскенде бәрі ісік болды. Диагнозы - оң иықтың, жамбастың және кеуденің жұмсақ тіндерінің көгеруі. Қазір баланың жағдайы жақсарып келеді", - деді Атырау облыстық балалар ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Гүлмира Мерғазиева.

Ұлының денсаулығына алаң анасы, мектеп басшылығының бейқамдығына ашулы. Гүлзада Мұсағалиеваның айтуынша, білім ошағы 9-сынып оқушыларының әлімжеттік жасап жүргенін біле тұра көз жұма қараған. Ол мектеп ұжымының жағдайға жеңіл-желпі қарағаны үшін жазалауды талап етті. 

Мектеп басшылығының айтуынша, оқиға сабақтан тыс уақытта болған. 9-сынып оқушылары алдымен сыныптасының үйіне жиналыпты. Соққыға жығылған 8-сынып оқушысы да көбіне осы балалармен бірге жүретін деді.

"Балалармен сөйлесіп жатырмыз. "Сөзінде тұрмайды. Уәдесінде тұрмайды. Айтқан сөзінен тайқиды. Сол себепті ұрдық", - дейді. Менің қолымдағы мәлімет бойынша, 9 бала жаңағының ішінде болған. Қарап тұрғаны бар. Ұрғаны бар. Бірақ үйіне кеткеннен кейін де ата-ана қарау керек қой", - деді Исатай орта мектебінің директоры Айгүл Әділова.

Қазір болған оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру" бабымен іс қозғалды. Аудандық полиция бөлімі тергеуді бастап кетті.

"2007 жылғы жасөспірім оқушының таяқ жегені, соғылғаны туралы ата-анасы полицияға арызданды. Аталған дерек бойынша күдікті ретінде сол мектептің 9-сынып оқитын екі оқушысы анықталды. Қылмыс бойынша ҚК 107-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды", - деді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Полиция әзірге күдікті ретінде екі оқушыны атап отыр. Ал қасында болған өзге жасөспірімдердің қылмысқа қатысы бар-жоғын тергеу анықтайды. Олардың кінәсі дәлелденсе, ата-аналарына екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынбақ. Немесе үш жылға дейiнгi мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.