Журналист Жансая Сыдықбай Қазақстандағы кейінгі оқиғалар көптің еңсесін түсіріп, күйзелтіп жібергенін жазды. Ең алдымен, қыз балаларға оңай тиіп жатқан жоқ. Себебі, еркек атаулыдан харрасмент көретін қыз-келіншектер көп.
"Бұрын жекеме еркектер шығып кездесуге, шайға шақырса ешкімге айтпауға, жұрт біліп қоймаса екен деп қарадай қысылатын едік. Себебі қоғам құрбанға «Өзің повод бергенсің», «Танакөзденіп қиыла қараған шығарсың» т.б. айыптауларды өзіне жауып жіберуден тайынбайды. (...) Сөзі төсек пен етектен аспайтын, харрасмент жасағыш еркектер арамызда өріп жүр. Жүрегін ұсынғыш, сағынғыш еркектер қаншама. Дінмен, шариғатпен қорқытып, манипуляция жасап отырғандары тағы бар. Тұрмыста байының көрсеткен зорлық-зомбылығына шыдап жүрген, осынша баламен қайда барамын, қалай асыраймын деген қорқынышпен қаншама әйелдердің үні шықпай тұншығып отырғанын құдай білсін", - деп жазды журналист.
Айтуынша, әйел біткеннің бәрін жеңілтек, "доступный" деп ойлайтындар немесе "беріп қалар ма екен" деп, "тамыр басып" көргіш еркектер көп.
"Табысын жасырып, алимент төлеуден қашып жүргендері қаншама. Шайға бармасаң, кездесуге шықпасаң, ыңғайына көне қоймасаң жұмысыңда қудалайтын, өсірмейтін еркек бастықсымақтар да бар. Біразын білем, түк болмағандай үлкен қызметтерде ұлт туралы, елді, жерді қорғау, табиғатты аялау т.б. туралы түрлі «әдемі» ертектер айтып жүр. Чуть-чуть «Бишімбаев» сияқтылары да креслоларында дым болмағандай отыр", - дейді Жансая Сыдықбай.
Жансая Сыдықбай байлыққа қызығатын, еркекті тек ақшасына, дүниесіне қарап бағалайтын, ертеңін ойламайтын, жеңіл жүрістілер, жезөкшелер, көңілдес болуды құп көретін, тоқал болуға келісетін, қарқылдап күлетін, ішетін, шегетін, әдеп-ибадан жұрдай қыз-келіншектердің барын да жоққа шығармайды. Алайда оларды «сондай екенсің» деп ұрып-соғуға, өлтіріп тастауға ешкімнің құқығы жоқ. Арлы еркек ондай типтегі, ондай сорттағы әйел затына жоламауды, аулақ жүруді таңдайды.
"Түзелмейтін адам бәрібір түзелмейді. Ол еркекке де, әйелге де қатысты. Айтпағым, арамызда ішінде иті өліп жатқан монстр еркектер көп. Бұл өз отбасын адал жолмен асырап, күн-түн демей еңбектеніп, әке-шешесінің, жұбайының, бала-шағасының қауіпсіздігі мен болашағы үшін жүгіріп жүрген еркектерге қатысы жоқ. Оларға рекспект. Зорлық-зомбылыққа қарсы адамдардың оянып жатқаны дұрыс. Салтанат расында әділеттің салтанат құруы үшін құрбан болғандай", - деп түйіндеді сөзін Жансая Сыдықбай.