Бүгін Созақ ауданы Шолаққорған ауылындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында орналасқан Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жанынан аудандағы алғашқы Коворкинг орталығының ашылу салтанаты болып өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Салтанатты шараға Созақ ауданының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Созақ аудандық филиалының төрағасы Салыхан Полатов, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ролан Әлжанов, Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов, аудандық мәслихаттың хатшысы Бегімбет Байғараев, аудан әкімінің орынбасарлары, салалық бөлім басшылары, кітапханашылар, оқырмандар қатысты.
Қазіргі таңда кітапханадағы коворкинг орталығын коммуникативтік алаң деп айтуға болады. Бұл жерде келушілер бос уақыттарында кітапхана қорын пайдаланумен қатар, интернет, теледидар ресурстарын да қолдана алады, бұл үшін орталықта интернет желісіне қосылған компьютерлер, теледидар, аудио, цифрлық форматтағы интеллектуалды контент қолжетімді (кітаптар, мерзімді басылымдар, аудио, бейне, ойындар және т.б.). Мұнан бөлек, Орталықта келушілер аздап демалуға, кофе, шай секілді сусындар ішуге арналған арналған жиһаз, құрал-жабдықтар қойылған. Аталмыш орталық кітапханаға келген әр жанұяның сүйікті демалыс орнына айналады деп күтілуде.
«Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында атап көрсеткен қазақ даласының ежелгі заманнан бері келе жатқан бай тарихи-мәдени мұраларын өскелең ұрпаққа жаңа заманауи технологияларды қолдана отырып сіңірту үлкен маңызға ие шара болып табылады. Кез-келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуына, арнайы тақырыптарда дөңгелек үстелдер ұйымдастыруға, шахмат, дойбы ойнауға, гүл өсіріп, қолөнер бұйымдарын жасауға зор мүмкіндік жасайтын бұл Орталық «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйытқы болуымен ашылып отыр. Отандық кітапханаларды жаңғыртып, оларды қазіргі заман талабына сай білім орталықтарына айналдыру үшін ашылып отырған орталық өскелең ұрпақтың рухани құндылықтарымызбен сусындап, ұлтымыздың дәстүрі мен тарихын құрметтеуге үндейді» - деп атап өтті ашылу рәсімінде сөз алған С.Полатов.
Өз кезегінде, сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Б.Байғараев: «Қазіргі кітапханалар тек қызмет көрсету мекемесі ғана емес, тұрғындар үшін зияткерлік демалыс орнына айналуы, тұрғындарды кітап оқуға баулу мақсатында түрлі шаралар қабылданып, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Міне бүгінгі ашылып отырған коворкинг орталығы соның дәлелі. Біз алдағы уақытта мұндай орталықтарды ауданның бірқатар елді мекендерінен ашуды жоспарлап отырмыз» деп, орталықтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.