29 шіл, 2019 сағат 15:19

Сотталғандардың азапталуы: Колония басшылығы жұмыстан кетті – ІІМ

Алматы облысындағы ЛА-155/8 мекемесінде сотталғандарды азаптаған қызметкерлер жауапкершілікке тартылды. Бұл жайында ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«26 шілде күні әлеуметтік желілерде Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесіне тиесілі 155/8 мекемесінде жәбір көрген сотталушылардың видеосы тараған болатын. Осыған байланысты бұл материалдардың барлығын жіті зерттеп, оның расымен де сотталушыларға мекеме қызметкерлерінің тарапынан қандай да бір күш қолданылғанын көріп шығып, осы материалдарды облыстық прокуратураға жолдадық», - деді ресми өкіл министрлікте өткен брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша осы мәселіні егжей-тегжейлі тексеру үшін жедел түрде қылмыстық-атқару жүйесінде арнайы комиссия құрылды.

«Бұл тұрғыда Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен Алматы облысына өкілдер жіберілді. 29 шілдеде тәртіптік комиссияның нәтижесі бойынша, 14 қызметкер түрлі жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде жетеуі қызметінен босатылды. ЛА-155/8 мекемесі басшының екі орынбасары жұмыстан қуылды, сондай-ақ мекеме басшысы орнынан босады», - деді Н. Ораз.

Н. Ораз осындай заңсыздықтарды болдырмауға қатысты Ішкі істер министрлігі тарапынан нақты шаралар қабылданатынын атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы облысында колониядағы заңсыз әрекеттер бейнеленген видеоны тексеретінін мәлімдеген болатын.