03 мам, 2017 сағат 18:11

Сотта Мұхтар Әбілязовтің Мәскеу облысынан жер телімін сатып алуға қатысты қылмыстық схемасы әшкереленді

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қашқын банкир Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық істі қарау одан әрі жалғасуда. Соттың бүгінгі отырысында Мәскеу облысынан жер телімін сатып алу деген желеумен Мұхтар Әбілязовтің оффшорлық компаниясына бірнеше миллиардтаған несие беру оқиғасы қаралды. Бұл эпизод та басқаларға ұқсас: тергеудің мәліметтері бойынша несиеге берілген ақша банкке қайтарылмаған, Мұхтар Әбілязов ұрлаған миллиардтарын өзінің жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

БТА банктің өкілі Темірлан Нығметовтің айтуына қарағанда, 2008 жылы Әбілязовтің нұсқауы бойынша «бір күндік» мақсат үшін «Bervich Holding Sarl» компаниясы құрылады. Атап айтарлығы, резидент болып табылмайтын мұндай «бір күндік» компаниялардың заңды мекен-жайы ретінде Британ Виргин аралдары көрсетіліп отырған. Тергеу нәтижесінде мәлім болғанындай, бұл оффшорлық компанияның құжаттарын да Мұхтар Әбілязов тікелей бақылауында ұстаған № 6 корпоративтік бизнес басқармасының қызметкерлері дайындапты.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін, БТА банктің несие комитеті «Bervich Holding Sarl» компаниясының несиелік өтімін ешқандай кедергісіз мақұлдайды. Несиенің мақсаты ретінде Ресей Федерациясының Мәскеу облысындағы Мытищин ауданындағы коттедждер қалашығын салуды қаржыландыру деп көрсетіледі. Оған жоспарланған ақшаның көлемі 250 миллион АҚШ долларын құраған.

Әдеттегідей, несие комитетінің мүшелері бұл жолы да банктен қарыз алушының кепілге қоятын мүлкі, несиелік тарихы болмағанына көз жұма қарағаны мәлім болды. Тіпті, аталған компанияның несиелеу саласында ешқандай тәжірибесі болмағаны да ешкімді ойландырмаған. Бұған қоса, Виргин аралдарында орналасқан компания Мәскеу маңындағы коттедждер қалашығын қаржыландырады дегеннің өзі ақылға сыймайды. Алайда, айқын нәрселерге қарамастан несиелік өтінім бірден мақұлданған.

Сотта прокурорлар оқыған куәгерлердің сөзінен мәлім болғанындай, банктің несиелік бөліміне тікелей Әбілязовтің өзі бақылау жасаған. Сол себептен,  «Bervich Holding Sarl» компаниясына миллиондаған несиелерді берерде банк қызметкерлері ештеңеге басын қатырмаған. Сонымен қатар, несие комитетінің мүшелерінің ешқайсысы қарыз алушының өкілі ретінде көрсетілген Люксембургтегі әлдебір Manacor атты мырзамен байланыс орнатпаған. Тергеудің болжамынша, мұндай адам өмірде жоқ.

Темірлан Нығметов сот отырысында хабарлағандай, несиені мақұлдауға қатысты формалды түрдегі іс-шаралар жүзеге асырылған соң, «Bervich Holding Sarl» компаниясының шотына бірнеше траншпен шамамен 230 миллион АҚШ долларына жуық қаражат аударылады. Көп ұзамай оффшорлық компанияның шотына түскен қаржыны Мұхтар Әбілязов қолма-қол ақшаға айналдырып, өзінің жеке басының қажеттіліктеріне жұмсайды.

Тура осыған ұқсас кестемен Мұхтар Әбілязов «Highbond Associated LTD» оффшорлық компаниясына да несие беру арқылы БТА банктен тағы да 110 миллионнан астам АҚШ долларын жымқырыпты. Бұған дейінгі эпизодтан бір ғана айырмашылығы, бұл жолы несиенің мақсаты Ресей Федерациясының Мәскеу облысындағы Домодедово ауданынан жер телімін сатып алуға «Русская недвижимость» ЖАҚ-ын қаржыландыруға жұмсалады деп көрсетілген. Басқаша сөбен айтсақ, БТА банктің қызметкерлері өтінімдерді рәсімдеген кезде жер учаскелерінің орналасқан жері мен қарыз ақшаның сомасын ғана өзгертіп отырған.

Авторы: Шолпан Оразбекова

inform.kz