24 мау, 2020 сағат 18:57

Сот жанындағы отбасын қолдау орталықтарына 3 мыңға жуық адам жүгінген

Бүгін Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Отырысты онлайн-режимде ашқан Ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қойған маңызды міндеттерді орындау үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті. 

«Ұлттық комиссия отбасы мен балалардың мүддесін қорғауға қатысты өзекті мәселелерді талқылау бойынша қоғамдық диалогты дамытуды жалғастыруда. «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы әзірленді. Бүгінгі таңда құқық қорғаушы ҮЕҰ белсенді қатысуымен 13 онлайн-талқылау өткізілді», - деді Л.Рамазанова.

Отырыста Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңінің орындалу қорытындысы баяндалды.

Отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған бірқатар әлеуметтік-маңызды жобалар іске асырылды. Жоғарғы Соттың қолдауымен «Бақытты отбасы» отбасылық соттар жанындағы отбасын ресурстық қолдаудың 12 орталығының қызметі қамтамасыз етілді (Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Қарағанды, Ақмола, Атырау, Жамбыл, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында). 

Есепті кезеңде орталықтарға 2 750-ден астам адам өтініш жасады, оның ішінде ажырасу мәселелері бойынша – 2030 адам. Татуласуға дайын адам саны 38,1% (774 адам) құрады.

«ÓNEGE» жобасы шеңберінде 9 өңірде әлеуметтік қызметтер 1125 консультациялық қызмет көрсетті және отбасындағы өмірлік қиын жағдайдың 225 оқиғасы бойынша көмек берді. 

19 мың адам тегін кеңес алды, оның ішінде 350-і қиын жағдайға тап болған. 

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының құрылымында отбасы институтын зерттеу орталығы ашылды. Биыл орталық отбасының өзекті мәселелері бойынша бірқатар зерттеулер жүргізеді. 

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Жанұя» орталығы ашылды, ол «бір терезе» қағидаты бойынша қала тұрғындарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді біріктіреді және отбасылармен жеке жұмыс жүргізеді. 

Бүгінгі күні орталыққа 14,8 мың сұрақпен 7 мыңға жуық адам жүгінді. 11,5 мыңнан астам кеңес беріліп, оның барысында 3,5 мыңнан астам мәселе шешілді. 

Талқылау барысында Қазақстандағы отбасылық және гендерлік саясат саласындағы нысаналы индикаторларға қол жеткізуге байланысты бірқатар мәселелер атап өтілді.

Отырысқа қатысушыларға ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілдігі өткізген «ұрпақ және гендер» зерттеу қорытындылары ұсынылды.

Соңында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 20 жылдығына арналған кітап таныстырылды.

Отырыс қорытындысы бойынша тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілді.