26 шіл, 2018 сағат 16:59

Сот Жамалиевтың қалай бостандыққа шыққанын айтты

Атышулы бизнесмен Қайрат Жамалиевтың өтелмеген жаза мерзімі не себепті айыппұлмен алмастырылғанын сот баспасөз қызметі түсіндірді.

Бұдан бұрын белгілі болғандай, Жамалиев 800 мың теңгеден астам айыппұл төлеп, бостандыққа шыққан.

"Көкшетау қалалық сотының Жамалиевтың өтелмеген жаза мерзімін айыппұлмен алмастыру туралы қаулысы әлеуметтік желі мен БАҚ-та қарама-қайшы пікірлер тудырды. Жаңсақ түсінік қалыптаспауы үшін осы жайт туралы толығырақ айтып бергім келеді", — деп жазды облыстық сот баспасөз қызметінің өкілі Күләш Домалақова Facebook парақшасында.

Ол еске салғандай, апелляциялық сот 2017 жылы мамырда Жамалиевке қатысты қылмыстық істі қайта қарап, жаза мерзімін 13 жылдан 7 жылға дейін қысқартты.

Домалақова Жамалиевтың жаза мерзімін айыппұлмен алмастыру туралы өтініші неліктен Көкшетау қалалық сотында қаралғанын да түсіндіріп өтті. Өйткені сотталған бизнесмен биылғы қаңтардан бері Көкшетаудағы ЕЦ-166/24 түрмесінде отырған көрінеді.

Бұдан бөлек, Жамалиев келтірілген шығынды толығымен өтеп, түрмеде ешқандай тәртіп бұзушылық жасамаған, жазасының үштен бір бөлігінен астамын өтеген. 

"Қылмыстық-атқарушы жүйе мекемесінде өзін жақсы жағынан көрсетіп, төрт рет ынталандыру алған, екінші деңгейлі жағымды мінез-құлық танытып, мекеменің мәдени-қоғамдық шараларына белсене қатысты, сотталғандардың ерікті ұйымы – бос уақыт және өзін-өзі тәрбиелеу секциялары құрамында болған", — деп жазады Домалақова.

Сонымен бірге, сот Жамалиевтың кәмелетке толмаған бес баласының барын және жәбірленуші тараптың соттан бизнесменнің жазасын жеңілдетуді сұрауын да ескеріпті.

Естеріңізге сала кетсек, Қайрат Жамалиев 2015 жылы Әліби Жұмағұловты соққыға жыққаны үшін айыпты деп танылып, 13 жылға сотталған. Жұмағұловтың әкесі қылмыскерді жазалау үшін халыққа үндеу тастаған соң, бұл іс қоғамның назарына іліккен болатын. Кейінірек Жамалиевтың жаза мерзімі 7 жылға дейін қысқартылды.