Алматыда Денис Теннің өліміне күдікті 3 адамды қамауда ұстау мерзімі тағы 15 тәулікке созылды, деп хабарлайды қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы ауданаралық мамандандырылған тергеу сотының шешімімен күдіктілердің бірі ҚР ҚК 434-бабы, ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлімі, 188-бабының 2-бөлімінің 1-тармағы бойынша айыпталған Ж.Толыбаева қамауда 7 желтоқсанға дейін отыратын болды. Ал ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлімінің 1 тармағы, ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімімен, 192-бабының 2-бөлімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған А. Құдайбергенов 4 желтоқсанға дейін қамауда отыратын болды. ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімімен, 192-бабының 2-бөлімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған Нұралы Қиясовты қамауда ұстау мерзімі 15 тәулікке, яғни 3 желтоқсанға дейін ұзартылды», - деді қалалық соттың баспасөз хатшысы Диас Махамбетов.
Еске салсақ, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00-дер шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсынан жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді.
Бірақ Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.
Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Кейін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар күдіктілер ұсталып, қылмыстарын мойындады.