Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Астана қаласының ауданаралық соты бұрынғы полиция қызметкеріне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"11 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты лауазымды адамның алаяқтыққа оқталу фактісі бойынша К.-ға қатысты үкім шығарды (ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі – 190-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы –еск.)
К. полиция қызметкері бола тұра, күдікті Б.-ны алдап, оған іздеу жарияламауға уәде беріп, 300 мың теңге мөлшерінде ақшалай қаражат талап еткен. Өз кезегінде Б. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінді.
Бұдан әрі, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижесінде Антикор қызметкерлері К.-ны Б.-ға ақша қаражатын беру кезінде ұстады" - делінген хабарламада.
Сот мәліметінше, прокурор айыпты қолдап, айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап та айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, жәбірленушінің айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен дәлелденген.
Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жасаған әрекетіне шын жүректен өкінуі мен 3 жас баласының болуын таныған. Ал қабылдаған антын бұзуы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылған.
"ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 2) тармақшасының санкциясы ұрланған мүліктің 10 еселенген мөлшерінен 20 еселенген мөлшеріне дейін айыппұл немесе мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Сот үкімімен К. лауазымды адамның алаяқтық әрекетін жасауға оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, мемлекет кірісіне 2 млн. 250 мың теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
Сондай-ақ, ҚР ҚК-нің 49-бабына сәйкес, «полиция капитаны» арнайы атағынан айырылды" - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.