08 қаң, 2020 сағат 04:33

Соңғы төрт жылда Солтүстік Қазақстанға 1,5 мыңға жуық отбасы көшіп келген

Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысына басқа өңірлерден 725 отбасы қоныс аударған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев брифингте атап өткендей, қоныс жаңартқандардың тең жарымы – еңбекке қабілетті жандар. Оның 73 пайызы тұрақты жұмысқа орналастырылған.

Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың өңірге сапары кезінде облыс басшылығы көші-қон бағдарламасын іске асырудағы проблемаларды айтқан. Оның бірі – көшіп келушілердің біліктілігі. Бұл мәселе тек Солтүстік Қазақстан ғана емес, басқа да қабылдаушы аймақтарда бар. Сол кезде А. Сақыпкереев өз азаматтарын басқа өңірге аттандыратын аймақтарға оларды қабылдаушы жақтың сұранысына сәйкес іріктеу және білікті маман етіп оқыту жауапкершілігін жүктеуді ұсынды.

«Қоныс аударушылардың отбасын жұмысқа тұрғызуға, баспанамен қамтуға, мектепке және балақшаға орналастыруға көмек көрсетіліп отыр. Кәсіпкерлікпен, бақша өсірумен айналысқысы келетіндерге тиісті жағдай жасалуда. Атап айтқанда жер телімі беріліп, қайтарымсыз грант алуына қолдау көрсетіледі», - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Оларды баспанамен қамту үшін өңірде қанатты жоба іске асырылып жатыр. Өткен жылы бес типтік жоба аясында 428 үй тұрғызылды. Әр үйдің аумағы – 90 шаршы метрге дейін. Алдағы үш жылда тағы осындай 2100 үй салынады деген жоспар бар.

«Жалпы алғанда бұл бағдарлама миграциялық процестерді тұрақтандырып, жалпы білім беретін мектептер желісін сақтауға, ауылдағы вакансияларды толтыруға мүмкіндік береді. Әсіресе ұстаздар мен дәрігерлер, ауыл шаруашылығында - агрономдар, механизаторлар мен ветеринарлар тапшылығынан құтыламыз», - деп атап өтті А. Сақыпкереев.

Жалпы, бағдарлама басталған 2016 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысына 5 мыңға жуық адам немесе 1428 отбасы көшіп келген.