22 ақп, 2022 сағат 10:45

Соңғы бір айда елдегі коронавирус жұқтырудың орташа тәуліктік көрсеткіші 34 есе азайған


ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында Соңғы бір айда елдегі коронавирус жұқтырудың орташа тәуліктік көрсеткіші 34 есе азайғанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып келеді. Соңғы аптада аурудың тәуліктік өсімі тәулігіне 1 200 жағдайға дейін төмендеді. Бұл инфекцияның таралу коэффициентіне де әсер етті. Ол 27 қаңтардан бастап бір бірліктен төмен және 0,6-ға тең. 

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес қазіргі таңда республика «жасыл» аймақта, 2 өңір «қызыл» аймақта және 2 өңір «сары» аймақта, қалған өңірлер «жасыл» аймақта орналасқан», - деді Ажар Ғиният. 

Министрдің айтуына қарағанда, соңғы айда коронавирус инфекциясы жағдайларының орташа тәуліктік саны 34 есе азайған. 

«Стационарда емделіп жатқан адамдардың саны 2,3 есе, амбулаторияда емделушілердің саны 5,1 есе азайды. 

Бүгінгі күні денсаулық сақтау ұйымдарында 30 мыңнан астам пациент, оның ішінде 86%-ы (26 648 пациент) амбулаториялық деңгейде және 14%-ы (4 198) стационарлық деңгейде емін жалғастыруда», - деді министр.