Солтүстік Қазақстан облысында қоныс аударушылар үшін үш жылдың ішінде үш мың үй салынады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген СҚО-ны әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2018 - 2021 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында баспаналар перспективалық елді мекендерде салынады. Келесі жылы жергілікті билік 629 жеке тұрғын үй салуға ниетті. Тағы бір жылдан соң - 1 мың, ал 2021 жылы 1,5 мың үй бой көтермек.
Облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Серік Мұхамедиевтің мәліметінше, биылғы жылы 100-ге жуық үй салынған. Баспана ұсыну арқылы өңірге басқа облыстардан еңбек ресурстарын тарту жұмыстары жүргізілуде. Арнайы механизм да әзірленген: кәсіпкер үйді өз қаражатына салып, мамандарды шақырады. Барлық талаптар сақталған жағдайда үйлер мемлекеттік бюджет қаражатына сатып алынады. Осындай алғашқы үйлер Тайынша ауданының Ильичевка ауылында салынды.
«Биыл еңбек ресурстарын тарту үшін жеке тұрғын үйлердің құрылысына кірістік. Ауылдарда үй сала бастадық. Бекітілген жобаларда барлығы, тіпті, төбе мен іргетастың биіктігі ескерілген», - деп атап өткен болатын кеңестердің бірінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Азаматтарды еңбекке жарамды халқы көп аймақтардан Солтүстік Қазақстан облысына көшіру арқылы көші-қонның теріс сальдосын төмендету шамаланып отыр. 2021 жылға қарай оң сальдоны 413 адамға жеткізу жоспары бар.