05 қаң, 2023 сағат 16:31

Солтүстік Қазақстанда бензинмен пеш жаққан ер адам өрттен көз жұмды

© Photo : pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа жылдың алғашқы күнінде екі ер адам өрттен қаза тапты. Олардың бірі төсекте темекі шексе, екіншісі пешті бензинмен жаққан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Дмитрий Растихиннің дерегінше, жаңа 2023 жылдың басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының аумағында сегіз өрт оқиғасы тіркеліп, өрт кезінде екі адам қаза тапқан.

"1 қаңтарда таңғы уақытта Қызылжар ауданы Бескөл ауылында жеке тұрғын үйден өрт шығып, өрт орнынан 1977 жылы туған ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша ер адам төсекте темекі шеккен", - деді Растихин.

Дәл осы күні кешкі сағат 20:00 шамасында Петропавлда Рабочий ауылында жеке тұрғын үйден өрт шығып, 1989 жылы туған ер адам қайтыс болды.

"Куәгерлердің айтуынша, ер адам досымен бірге пеш жағу үшін бензин қолданып, ол тұтанып кеткен. Соның салдарынан бір адам аман қалып, екіншісі қайтыс болды. Болжам бойынша көз жұмған екі азамат та мас болған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды", - деді Дмитрий Растихин.

Өрт сөндірушілер жаңа жылдық мерекелер кезінде алкогольді ішімдіктерді тұтыну салдарынан пиротехникалық бұйымдарды абайсыз пайдалану, пештерді, газдағы тамақты қараусыз қалдыру жағдайы арта түсетінін айтты.

2022 жылы Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 695 өрт тіркелді, оның салдарынан 38 адам қаза тауып, 30 адам дене жарақатын алған.