ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев Астанада өткен ТМД үкімет басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.
Әлихан Смайылов отырыстың пандемиядан кейінгі кезеңде алғаш рет жүзбе-жүз өткенін және Қазақстанның ТМД-ға төрағалық етуінің қорытынды іс-шарасы болғанын атап өтті.
«Бүгін ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша келелі әңгіме өрбіді. Мемлекеттер Достастық шеңберіндегі көпжақты өзара іс-қимылды нығайтуға ниетті екендерін тағы да растады. Сондай-ақ сыртқы экономикалық ынтымақтастық аясында ортақ мақсаттарға қол жеткізу бойынша бірлескен қадамдар талқыланды», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, ТМД кеңістігінде сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету мақсатында Қызметтердің еркін саудасы және инвестицияларды жүзеге асыру туралы келісімнің жобасын аяқтау жөнінде шешім қабылданды.
Бұдан басқа, Қоғамдық денсаулық сақтау саласында санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және ден қою жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, микробқа қарсы препараттарға төзімділікті тежеу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды, сондай-ақ гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы 2023-2024 жылдарға арналған басым іс-шаралар жоспары мақұлданды.
«Ғылыми-техникалық, инновациялық, технологиялық салалармен қатар химия саласын цифрлық трансформациялау және радионавигация саласындағы ынтымақтастық бойынша бірнеше мәселе болды. Үкімет басшылары осы салаларда өзара іс-қимылды дамыту бойынша бірқатар тұжырымдамалық және бағдарламалық құжаттарды қабылдады», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ол Кеңестің 2023 жылы Достастық органдары мен жекелеген іс-шараларды қаржыландыруға қатысты қаржылық-бюджеттік мәселелерді қарап, шешімдер қабылдағанын айтты.
«Қазақстандық тарап бүгінгі іс-шараның қорытындыларына қанағаттанды. Ол мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың игілігі үшін ынтымақтастықты нығайту жолындағы кезекті қадам болатынына сенімдіміз», — деп түйіндеді Премьер-Министр.
ТМД үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысын 2023 жылы маусымда Сочи қаласында өткізу туралы шешім қабылданды.