ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Astana Finance Days 2022 конференциясының «Энергетикалық және азық-түлік орнықтылығына инвестициялар. Қазақстандық кейс» панельдік сессиясында сөз сөйледі, - деп хабарлайды primeminister.kz.
Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Жоғары Кеңес төрағасының реформалар жөніндегі орынбасары Сэр Сума Чакрабарти, АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Condor Petroleum Inc. компаниясының басқарушы директоры Норман Сторм, Çalık Holding-тің Қазақстандағы аймақтық директоры Кенан Аккирман және т.б. қатысты.
Әлихан Смайылов өз сөзінде көмірсутектер мен азық-түліктің әлемдік нарықтағы бағасы тарихи ең жоғары деңгейге жеткенін, бұл көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда да адамдардың өмір сүру сапасына әсер ететінін атап өтті.
«Осыны түсіне отырып, біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл қолға алынған саяси реформалардың дер кезінде жүргізіліп жатқанын бағалай аламыз. Сайып келгенде, бұл реформалар мемлекеттегі терең экономикалық өзгерістерге алып келеді», — деді ҚР Премьер-Министрі.
Үкімет басшысы Қазақстан мықты саяси және экономикалық базаға ие бола отырып, ЕАЭО мен Қытайды қамтитын көлемі 1 млрд-тан астам әлеуетті тұтынушысы бар ірі әлемдік нарықтарға шығатын «қақпа» екенін және Орталық Азиядағы транзиттік хаб болып саналатынын атап өтті.
Тәуелсіздік жылдары елімізге $390 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартылды, оның басым бөлігі соңғы 10 жылда салынған.
Мәселен, 2021 жылы инвестициялардың жалпы ағыны $24 млрд-ты құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 38%-ға артық. Бұл ретте мұнай және газ саласына салынған салымдар небары 28%-ды ғана құраса, 2018-2019 жылдары олардың үлесі 50%-ға тең болды.
«Бұл ел экономикасын әртараптандыру белсенді жүріп жатқанын көрсетеді. Шикізат тауарлары бағасына қатысты жаһандық бетбұрысты назарға ала отырып, энергетикадағы және ауыл шаруашылығындағы мүмкіндіктерімізді көбірек зерделеуіміз қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің айтуынша, елеулі табиғи қорлары бар еліміз әлемдік тауар нарықтарының маңызды жеткізушісіне айналады. Сонымен қатар Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарының ауданы бойынша әлемде 6-шы орында.
«Жоғары қайта өңделген өнімдер шығаруға инвестициялар тарту үшін екі сектордың да басымдығы жоғары. Осыған байланысты Үкімет Қазақстанға келетін инвесторларға қолайлы жағдай жасап, кешенді қолдау көрсетеді», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жеңілдетілген инвестициялық режим көзделген 13 арнайы экономикалық және 36 индустриялық аймақ бар.
Бұдан басқа, жалпы ағылшын құқығы режимі есебінен бүкіл әлемнен инвесторларды тарту орны болып саналатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істеп тұр.
«Үкімет шетелдік инвесторларды келісімшарттар жасасуға және жаңа жобаларды іске асыруға шақырады. Біз инвесторлардың мүдделерінің барынша ескерілетініне кепілдік береміз», — деді түйіндеді Әлихан Смайылов.
Айта кетейік, 27-29 маусымда «Астана» халықаралық қаржы орталығы тұрақты даму, әлеуметтік жауапкершілік және өсу мәселелеріне арналған «Astana Finance Days» V конференциясын өткізуде.
Astana Finance Days – өңірдегі қаржы саласындағы ең ірі конференциялардың бірі. Соңғы төрт жыл ішінде конференцияға 100-ден астам елден 15000-нан астам қатысушы келді.