16 нау, 2022 сағат 20:50

Смайылов Shell компаниясының атқарушы вице-президентімен кездесті


ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Shell компаниясының атқарушы вице-президенті Питер Костелломен кездесті, деп хабарлайды primeminister.kz.

Кездесу барысында Қазақстан мен SHELL компаниясының арасында инвестиция тарту, сондай-ақ энергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастықты дамыту мәселесі қаралды. 

Атап айтқанда, тараптар өткен жылғы жұмыс қорытындылары мен 2022 жылға арналған жоспарларды талқылады. 

«Біздің ынтымақтастығымыз алдымызда тұрған міндеттерді, бірінші кезекте жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге, сондай-ақ өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал етеді», — деді ҚР Премьер-Министрі Смайылов. 


Өз кезегінде Питер Костелло Қазақстан «Shell» компаниясының стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Екіжақты өзара тиімді жұмыс одан әрі жалғасады. 

Мұнай-газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында ҚР Премьер-Министрі Үкімет Шетелдік инвесторлар кеңесінің қазақстандық қауымдастығымен бірлесіп жақсартылған модельдік келісімшартты енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. 

Бұл келісімшарт фискалдық және реттеушілік преференциялар пакетімен бірге жаңа теңіз жобаларына, құрлықтағы күрделі жобаларға және газ жобаларына қолданылатын болады. 


«Қазіргі уақытта біз қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстандағы мұнай-газ жобаларын дамыту біздің стратегиялық әріптестеріміз үшін одан да тартымды болатынына сенімдіміз», — деді Смайылов.