ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәселесі қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.
Энергетика министрі Болат Ақшолақов ішкі нарықты мұнай өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз ету үшін жанармай бекеттері мен мұнай базаларындағы отын қоры ұлғайтылғанын, оны жеткізу бағыттары оңтайландырылғанын, өнімсіз делдалдарды алып тастау және ҚР аумағынан отын шығаруды шектеу бойынша шаралар қабылданғанын айтты.
Бұдан басқа, Энергетика министрлігінде және жанармай бекеттерінің ірі желілерінде жанар-жағармай бағасын негізсіз көтеру және оны сатудан бас тарту мәселелері бойынша азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін колл-орталықтар құрылды.
Премьер-Министр жанармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Үкіметтің барлық қажетті шұғыл шараларды қабылдағанын атап өтті. Әр облыста мұнай базалары мен ұсақ жанар-жағармай құю бекеттерін бақылау жөніндегі комиссиялар құрылды, зауыттарда мұнай өңдеу және дизель отынын өндіру көлемі ұлғайтылды, сондай-ақ зауыттардан мұнай базаларына және барлық өңірдегі жанармай құю бекеттеріне дейін мұнай өнімдерінің логистикасы жолға қойылды.
«Мұнай өнімдерін әкетуге жол бермеу мақсатында қажетті экспорттық шектеулер енгізілді, дизель отыны ішкі нарыққа делдалдарсыз жеткізіледі. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жанар-жағармай нарығындағы ахуал бір қалыпқа келіп жатыр», — деді Әлихан Смайылов.
Дегенмен жағдайды үнемі назарда ұстап, қатаң бақылау қажет. Мысалы, кейбір өңірлерде сұйытылған газ тапшылығы пайда болды.
«Сондықтан кешенді жұмысты одан әрі жалғастыру керек, өңірлерде отын тапшылығы мен іркілістер болмауы тиіс», — деді Премьер-Министр.
Сөз соңында Әлихан Смайылов 15 қыркүйектен бастап жанармай құю станцияларында жанар-жағармай босатуды есепке алудың цифрлық жүйесін енгізуді, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жеңілдікті дизель отынын бөлу жүйесін енгізуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ өңірлердегі халықты сұйытылған газбен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар 2023 жылдан бастап Энергетика министрлігіне мұнай өнімдерін сату кезінде өнімсіз делдалдарды қатыстырмайтын мұнай өңдеудің жаңа жүйесіне көшу тапсырылды.