12 жел, 2022 сағат 12:44

Смайылов инфляция себептерін атады


Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов инфляцияның көтерілу себептерін атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Премьер-министр биыл қарашадағы жағдай бойынша Қазақстандағы инфляция көрсеткіші 19,6 пайызға жеткенін айтты. Оның айтуынша, инфляцияны арттырудың негізгі факторлары геосаяси шиеленістің күшеюі, әлемдегі бағаның рекорд деңгейде өсуі, логистикалық байланыстардың бұзылуы және көрші елдерге кейбір тауарлар экспортына уақытша шектеулер енгізу болды.

"Қазіргі уақытта Үкімет инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін іске асырып жатыр. Осы жұмыс шеңберінде ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін ұлғайту, өнімді сақтау және тасымалдау тетіктерін дамыту, бөлшек сауданы қолдау жөніндегі шаралар көзделген", - деді Смайылов Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Сонымен қатар, Премьер-министр Қазақстан экономикасының биыл 11 айдағы дамуының негізгі көрсеткіштерін жариялады.

"Қаңтар-қарашада экономиканың өсу қарқыны 2,7 пайыз болды. Қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 34 пайызға өсіп, 111 миллиард долларға жетті. Экспорт 45 пайызға, оның ішінде өңделген тауарлар 35 пайызға өсті", - деді Әлихан Смайылов.