13 қар, 2021 сағат 12:01

Смайылов елімізде салынатын жаңа мектептерге қатысты түсінік берді


Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов елімізде салынатын жаңа мектептерге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«1000 мектептің құрылысы бойынша проблемалық мәселелерге қатысты сіздердің депутаттық сауалдарыңызға мынаны хабарлаймын. Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп салу бойынша өңірлер бөлінісінде жол картасы әзірленуде. 2021 жылы 1000 мектептің 200-ін, оның ішінде нысаналы құрылыс есебінен 163 мектепті, жан басына қаржыландыру тетігі есебінен 31 жекеменшік мектепті, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында 6 мектепті пайдалануға беру жоспарланған», - делінген Ә. Смайыловтың депутаттық сауалға берген жауабында. 

Оның айтуынша, Мектептердің нысаналы құрылысына 2021 жылы жалпы сипаттағы трансферттермен жергілікті атқарушы органдарға 95,7 млрд теңге берілді. Қосымша, 2021 жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасының аясында 65 мектептің құрылысына 40,1 млрд теңге көзделген. 

«2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 165 мектеп (56 мың оқушы орнына) пайдалануға берілді, оның ішінде 52 нысаналы құрылыс есебінен, 112 (36 мың орынға) жекеменшік мектеп, 1 (2 мың орынға) МЖӘ есебінен. Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, жыл соңына дейін барлығы 311 мектеп пайдалануға берілетін болады, оның ішінде 145 мектеп мемлекеттік бюджет есебінен, 4 мектеп МЖӘ есебінен, 162 жекеменшік.Сонымен қатар, қазіргі кезде министрлік білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларына өзгерістер мен толықтыруларды әзірлеп жатыр. Онда жалпы білім берудің бастапқы сатысын кеңістік-дамыту ортасын құру жөніндегі жабдықпен, мүмкіндіктері шектеулі балалардың оқу орнын ұйымдастыру үшін жеке компенсаторлық, қосалқы, техникалық құралдармен қамтамасыз ету қарастырылған», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары. 

Оның сөзщіне қарағанда, ҚР Бюджет кодексіне сәйкес, республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі үш жыл ішінде өзгертуге жатпайды. 1000 мектептің құрылысы аясында МЖӘ тетігін қолдану арқылы 101 мектептің құрылысы қамтамасыз етіледі. 

Еске сала кетейік, биыл қазан айында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова жаңа мектептер құрылысына кедергі болатын түйінді мәселелерді көтерді.

Осы орайда депутат ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады.