12 сәу, 2022 сағат 11:14

Смайылов экономикада өсім көрсетпеген өңір әкімдеріне жұмысты жандандыруды тапсырды


Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бірқатар өңірдің әкіміне жұмысты жандандыру қажеттігін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экономиканың нақты секторының орнықты дамуының арқасында биылғы жылдың бірінші тоқсанында жалпы ішкі өнім 4,4 пайызға өсті. Ел экономикасының өсіміне негізінен өңдеуші өнеркәсіп салалары әсер етті. Атап айтқанда, былғары өнімдерін өндіру 29, сусындар өндірісі 19, фармацевтика 18, пластмасса бұйымдарын шығару 15, киім-кешек өндірісі 13, минералдық өнімдер 12, машина жасау саласы 11, оның ішінде автомобиль өндірісі 15, дайын металл бұйымдарын өндіру 11 пайызға өсіп отыр», - деді Үкімет басшысы.

Оның дерегінше, тау-кен өнеркәсібінде 6,1 пайыз орнықты өсім тіркелді. 

Оған мұнай игеру көлемін 7,6, табиғи газды 8,2, металл кені мен көмір өндіруді 1,9 пайызға ұлғайту есебінен қол жеткізілді. 

Қызмет көрсету секторында көлік, сауда және байланыс салаларындағы жоғары динамика есебінен 2,8 пайыздеңгейінде оң өсім байқалды. 

Құрылыс саласында өсім 8,6 пайызды құрады. Қазірдің өзінде 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Биылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша Ақмола, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында, Шымкент қаласында және елордада барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім бар. Қалған өңірлер жұмысты жандандыруы тиіс», -деді Әлихан Смайылов.