Нұр-Сұлтанда Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Отырысқа қатысушылар Қытаймен шекарада жүктердің әрі-бері өтуіне қатысты мәселені талқылады.
Қазіргі таңда Қазақстан-Қытай шекарасында бес автомобиль және екі теміржол өткізу пункті, сондай-ақ «Қорғас» ШЫХО» АҚ кеден бекетінің жүк терминалы жұмыс істейді.
Автомобиль көлігі бойынша биылғы үш айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлік құралдарының саны 123%-ға (6,3-тен 14,0 мың КҚ-ға дейін) өскені байқалады.
Сонымен қатар кедендік құн индексі (КҚИ) және кедендік төлемдер индексі (КТИ) бойынша оң динамика байқалады: КҚИ көрсеткіші 75%-ға өсті (ҚХР-дан импортталатын тауарлар бойынша 1 кг үшін 4 доллардан 7 долларға дейін), КТИ көрсеткіші екі есе – 264 теңгеден 561 тг/кг дейін өсті.
«Нұр жолы» шекарадағы өткізу пунктіне келер болсақ, тауар тасымалдауды ұйымдастырушы ретінде жұмысын бастаған «KTZ Express» АҚ арқасында оның өткізу қабілеті күніне 10-нан 47 АКҚ-ға дейін артты. Бұл орайда бір тасымал құны $4500-ден $2050 дейін төмендеді. Қолма-қол ақшалай өзара есеп айырысу алынып тасталды, бұл қаражатты көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар электронды кезек бойынша пилот жобасы іске қосылды.
«Қорғас» ШЫХО-да жыл басынан бері арнайы кран арқылы 61 КҚ ауыстырып тиелді. Бұл ретте тариф екі есе төмендетілді.
Отырыс барысында өткізу пункттерінде кептеліс жоқ және жағдай тұрақты екендігі атап өтілді.
«ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов статистикалық сәйкессіздіктерді болдырмау үшін тиісті ведомстволарға импорт пен экспортқа қатысты деректерді өзектендіруді, сондай-ақ өткізу пункттерінде МКК, ҰҚК ШҚ және ҚТЖ-Экспресс ведомствоаралық өзара іс-қимылын күшейтуді тапсырды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ бірқатар өзекті мәселе талқыланды.