Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстіктегі «жұмыс күші артық» облыстардан мамандарды тарту бағдарламасы аясында көшіп келушілерге 2020 жылға дейін 2100 тұрғын үй салынады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының мәліметінше, соңғы үш жылда Қызылжар өңіріне жұмыс күші артылған өңірлерден 5 мыңға жуық адам – 1428 отбасы қоныс аударған. Оның ішінде 725 үйелмен биыл келгендер. Облысқа осы жылы көшкендердің 50%, яғни 1085 адам еңбекке жарамды болса, солардың 73% тұрақты жұмысқа орналастырылды.
«Облысқа мамандар керек. Қазір халықтың 19% зейнет жасындағы адамдар. Бұл – 103 мың адам. Өңір тұрғындары қартайып жатыр. Жұмыс берушілер өздеріне қажет мамандарды табу үшін оңтүстік облыстарға барып, тұрғындармен кездесіп, шақырып жатыр», - дейді СҚО әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев.
Көшіп келгендерді жергілікті билік жұмысқа, балаларын кезексіз балабақшаға орналастырады. «Кәсіп ашамын, жер алып, бау-бақшамен айналысамын» дегендерге де бар жағдай жасалады. Жер учаскелері беріліп, гранттар үлестіріліп жатыр. Қоныс аударушылардың басты мәселесі – тұрғын үй. Әлеуметтік-экономикалық даму кешенді жоспары аясында өңірде қоныс аударушыларға баспана салу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Биыл қолға алынған тың бастама нәтижесінде 428 үйдің құрылысы басталды. Бес үлгі бойынша салынатын баспаналардың жалпы ауданы 90 шаршы метрге дейін болмақ.
Облыстағы шаруашылықтар да қарап қалмай, көшіп келген мамандарды баспанамен қамтып жатыр. Ғ.Мүсірепов ауданындағы «Ақселеу» ЖШС басшысы Серік Малаев қоныс аударушыларға 10 үй салып берді. Гүлмира Жолдаспаева отбасымен бірге жеті жыл Нұр-Сұлтан қаласында пәтер жалдап тұрған. Қазір жас маман мектепте ағылшын тілінен сабақ береді.
«Ауылға көшіп келгеніме еш өкінбеймін. Биыл қыркүйек айында мемлекеттік бағдарламамен Ковыльное ауылына келдік. Екі баламыз бар. Күйеуім «Ақселеу» ЖШС жұмыс істейді. Үйіміз жылы, жайлы. Қаладан ауылға көшіп келгеніме еш өкінбеймін», - дейді Гүлмира Жолдаспаева.
СҚО-ға тек Нұр-Сұлтан қаласынан ғана биыл 100 отбасы қоныс аударған. Өңірге көшіп келушілерге тек пилоттық жоба аясында ғана 2022 жылға дейін 2100 баспана салынбақшы.