Солтүстік Қазақстан облысында төрт түлікке күзгі вакцина егу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мал дәрігерлері вакцинацияны жылына екі рет жүргізеді. Біріншісі көктемде түлік жайылымға шығарда, ал екіншісі күн суытып, қораға кіргізер алдында атқарылады. Өңірде бүгінгі күні бұл жұмыстар 65% атқарылды.
Елімізде «Профилактикасы, диагностикасы және жойылуы бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауiптi ауруларының тізбесі» бекітілген. Оған төрт түліктің аса қауіпті 69 ауруы кірген. СҚО-да оның 9 түріне бюджет қаражаты есебінен екпе жасалса, туберкулез, бруцеллез сияқты тағы бірнеше түріне диагностикалық зерттеулер жүргізіледі.
«Мал егу манипуляциясы дұрыс жолға қойылған, мал иесі өзінің малын ектіруге әкелуі тиіс. Түліктің сырғасы бар, құжаты бар. Мұның бәрі тегін жасалады. Төрт-түлікті зерттеу кезінде қан аламыз. Егер де қандай да бір малдан ауру белгілері байқалса сырғасы арқылы тауып, бірден союға жібереміз», - дейді СҚО ветеринария басқармасының ветеринарлық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Қайырлы Қазанов.
Осы күнге дейін 284 мыңнан астам ірі қара мал, 640 бас жылқы, 32 мыңнан астам шошқа және 319 мыңнан астам қой-ешкі бруцеллезге зерттелді. 647 ірі қара малдан, 19 қойдан ауру белгілері табылып, санитарлы сойылымға жіберіліпті. Ал туберкулез 52 сиырдан анықталған.
Егу жұмыстары қыркүйек айынан қарашаға дейін жүргізіледі. Өйткені вакцина қоюдың өз ережелері бар. Ветеринарлардың айтуынша, бір екпеден кейін екіншісін салмас бұрын 21 күн өтуі қажет. Сібір жарасына қарсы вакцина малға 3 айдан асқаннан кейін ғана егіледі, жас төл дәріні көтермеуі мүмкін.
«Біз қазір Пеньково елді мекенінде туберкулез ауруына зерттеу жүргізу үшін қан алып жатырмыз. Одан кейін жұқпалы аурудың алдын алу үшін арнайы препарат – туберкулинді егеміз. 72 сағаттан кейін келіп жануарды қайта тексеріп кетеміз. Денесінде түйін пайда болса, ол малда аурудың белгілері бар деген сөз. Ал қанның нәтижесі 3 күнде дайын болады», - дейді мал дәрігері Людмила Степанова.
Сондай-ақ облыс ветеринарлары алдағы 2-3 айда биылғы жылдың төлі - 102,5 мыңнан астам ірі қара малды және 129 мыңнан астам қой-ешкіні тіркеуге алып, құлақтарына сырға тағулары тиіс.